3031

Шайдоров Денис Теннің көрсеткішінен асып, әлемдік рейтингте екінші орын алды

Братиславадағы жарыста қола жүлде алған Михаил Шайдоров әлемдік рейтингте 4193 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

Шайдоров Денис Теннің көрсеткішінен асып, әлемдік рейтингте екінші орын алды
Okko Sport YouTube

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров әлемдік рейтингте екінші орынға көтеріліп, ел спортындағы жаңа межені бағындырды.

Халықаралық коньки тебу одағының (ISU) жаңартылған рейтингінде Шайдоровтың қоржынында 4193 ұпай бар. Бұған дейін қазақстандық спортшының әлемдік рейтингтегі ең жоғары көрсеткіші үшінші орын еді.

Осылайша Шайдоров Қазақстанның мәнерлеп сырғанау тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Бұған дейін отандық спортшылар арасында әлем рейтингінде ең жоғары орынға Денис Тен көтерілген. Олимпиада жүлдегері де үшінші сатыдан көрінген болатын.

Рейтинг көшін америкалық Илья Малинин бастап тұр. Оның еншісінде 4590 ұпай бар. Ал жапониялық Юма Кагияма 4123 ұпаймен үшінші орынға жайғасты.

Шайдоров үшін 2026/2027 жылғы маусымдағы алғашқы халықаралық жарыс ISU Challenger сериясындағы Memorial Ondrej Nepela турнирі болды. Братиславада өткен бәсекеде қазақстандық спортшы қысқа және еркін бағдарламаның қорытындысы бойынша 272,75 ұпай жинап, қола жүлдеге ие болды.

Турнирде ресейлік Евгений Семененко алтын медаль алса, Италия өкілі Даниэль Грассль күміспен марапатталды.

Шайдоровтың Братиславадағы нәтижесі жаңа маусымның алғашқы халықаралық стартының қорытындысы бойынша әлемдік рейтингте бірден жоғары көтерілуіне мүмкіндік берді.

Материал авторы