1154

Астанадағы әйел өлімі: төрт бұрынғы полицейге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қызметтік тексеру нәтижесінде бірнеше басшы қызметінен босатылып, елордалық полиция департаментінің басшылығына тәртіптік жаза қолданылды.

Астанадағы әйел өлімі: төрт бұрынғы полицейге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Астана ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада 30 жастағы әйелдің өліміне байланысты полиция қызметкерлерінің әрекетіне жүргізілген тексеру нәтижесінде төрт бұрынғы полицей ұсталды. Оларға қызметке салғырт қарады деген айып бойынша қылмыстық іс аясында процессуалдық шара қолданылған. Бұл туралы NewTimes.kz басылымы жазды.

Полиция департаменті елорда тұрғынының өліміне қатысты принципті ұстанымда екенін мәлімдеді. Әйелді өлтірді деген күдікті қылмыс жасалғаннан кейін көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Ведомствоның мәліметінше, күдікті жасаған қылмысы үшін заңға сәйкес жауап береді.

Оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті осы бағытқа жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне қызметтік тексеру жүргізген.

Тексеру қорытындысында полицияның төрт қызметкері теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Сонымен қатар аудандық полиция басқармаларының екі басшысы мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметінен кеткен.

Елорда Полиция департаментінің басшысы мен тағы бір орынбасарына қатаң тәртіптік жаза қолданылған.

Бұдан бөлек, қызметке салғырт қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында бұрын полицияда жұмыс істеген төрт адам ұсталды.

Ішкі істер министрлігі тергеу жалғасып жатқанын және істің министрдің ерекше бақылауында екенін хабарлады.

Әйел өліміне қатысты не белгілі?

Оқиға 23 қыркүйекте Астанада болған. Ер адам әйелге пышақ жарақатын салған, салдарынан ол оқиға орнында қаза тапқан. NewTimes.kz тілшісі қайғылы жағдай болған жерге барып, марқұмның көршілерімен сөйлескен.

Әлеуметтік желіде тараған куәгерлердің мәліметінше, шабуыл әйел көлігін тұраққа қойып жатқан кезде болған.

Көршілердің айтуынша, марқұмның аты Жазира болған, ол 1996 жылы туған. Әйелдің артында мектеп жасына дейінгі екі баласы қалған.

Кейін әйелдің қайғылы оқиғаға дейін бұрынғы күйеуіне қатысты бірнеше рет полицияға жүгінгені хабарланды. Ол арыздарында ұрып-соғу, қорқыту және зорлау фактілері туралы жазған.

Астана қаласының Полиция департаменті бұған дейін әйелді өлтірді деген күдіктінің ұсталғанын және уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлаған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Сондай-ақ полиция әлеуметтік желілерде тараған күдікті ер адамның бұрын полиция қызметкері болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған.

Іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор