Бесқарағайда ұрлық жасады деген айыппен бірден 11 адам сотталды
Тергеу барысында күдіктілердің 36 бас ұсақ малды ұрлағаны және тағы 14 малды алып кетуге әрекет жасағаны анықталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысының Бесқарағай ауданында мал ұрлығына қатысты қылмыстық іс бойынша 11 адам сотталды. Тергеу барысында олардың бір шаруа қожалығынан бірнеше рет ұсақ мал ұрлағаны анықталған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Бас прокуратураның мәліметінше, Бесқарағай аудандық прокуратурасы мал ұрлығына қарсы кешенді шаралар жүргізіп, осындай қылмыстардың алдын алу жұмыстарын күшейткен.
Жедел-тергеу іс-шаралары кезінде шаруа қожалықтарының бірінен бірнеше рет ұсақ мал ұрлауға қатысы бар адамдар тобының қылмыстық әрекеті тоқтатылған.
Тергеу нәтижесінде қылмысқа 11 адамның қатысы бар екені анықталған. Олар барлығы 36 бас ұсақ малдыұрлаған. Бұдан бөлек, тағы 14 малды ұрлауға әрекет жасаған.
Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданған. Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың өздеріне тағылған қылмыстарды жасағанын растайтын дәлелдерді ұсынған.
Сот үкімімен 11 сотталушының барлығы кінәлі деп танылып, әрқайсысына әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Алайда сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы