«Емізіп жатып, ұйықтап кеткен»: Ақмола облысында мас әйел абайсызда сәбиін өлтіріп алды
Таңертең анасы сәбиінің өмір белгілерін байқамаған, ал шақырту бойынша келген жедел жәрдем оның қайтыс болғанын анықтаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының Ақкөл ауданында сәбиінің өліміне абайсызда себеп болған әйелге сот үкімі шықты. Сот оған бір жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сот анықтағандай, әйел қонақта ішімдік ішіп, кейін үйіне оралған. Түнде баласын емізіп отырған кезде мас күйінде ұйықтап қалған.
Оянған соң әйел сәбиінің өмір белгілерін көрсетпейтінін байқаған. Оқиға орнына шақырылған жедел жәрдем қызметкерлері баланың тұншығудан қайтыс болғанын анықтаған.
Қылмыстық іс сотқа кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісіммен түскен. Прокурор әйелге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған.
Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігі бойынша адам абайсызда қайтыс болған жағдайда бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот жаза тағайындау кезінде әйелдің шын жүректен өкінгенін жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал қылмыстың алкогольдік мас күйінде жасалуы жауапкершілікті ауырлататын жағдай деп танылды.
Сот үкімімен әйелге бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, оған пробациялық бақылау белгіленді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы