Ақтауда ойын-сауық орнында 22 жастағы ер адам ұсталды
22 жастағы Ақтау тұрғынына есірткі құралдарын заңсыз айналымға түсірді деген күдік келтіріліп отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда есірткі құралдарының заңсыз айналымына күдікке ілінген 22 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жазды.
Полицияның мәліметінше, күдікті 24 қыркүйекте қаланың ойын-сауық орындарының бірінде шамамен сағат 23:45-те қолға түскен. Оны Маңғыстау облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері әріптестерімен бірлесіп, Кира есімді қызметтік иттің көмегімен ұстаған.
Ұстау бұған дейін Қылмыстық кодекстің 297-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында жүргізілген. Аталған бап есірткі құралдарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізуді қарастырады.
Күдіктінің тұрғылықты жерінде санкцияланған тінту жүргізілген. Оның барысында полиция қызметкерлері «Димедрол» дәрілік препараты салынған ампулаларды, ішінде сұйық заттар бар ыдыстарды және марихуана қолдануға арналған құралды тәркіледі.
22 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы