Трамп АҚШ-та жасанды интеллект атауын «суперинтеллект» деп өзгертті
АҚШ-тың федералдық ведомстволары бұдан былай ресми құжаттар мен коммуникацияларда AI орнына SI атауын қолданады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп жасанды интеллект атауын ресми деңгейде өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Енді федералдық билік құрылымдары Artificial Intelligence (AI) терминінің орнына Super Intelligence (SI) — «суперинтеллект» атауын қолдануы тиіс.
Жаңа термин АҚШ мемлекеттік органдарының ресми хат-хабарларында, жарияланымдарында, есептерінде, сайттары мен құжаттарында қолданылады. Алайда бұл өзгеріс әзірге технологиялардың құқықтық немесе техникалық мазмұнын өзгертпейді. Қолданыстағы заңнамада жасанды интеллект ретінде қарастырылатын жүйелер жаңа атаумен де сол технологиялар болып қала береді.
Жарлыққа сәйкес, жаңа ұғымның жеке федералдық анықтамасы әзірленуі керек. Бұл жұмысты президенттің ғылым және технологиялар жөніндегі кеңесшісі 60 күн ішінде дайындап, қажет болған жағдайда заңнамаға енгізілетін өзгерістер бойынша ұсыныс береді.
Трамп атауды өзгерту себебін қазіргі заманғы жүйелердің жекелеген интеллектуалдық міндеттерді автоматтандыру деңгейінен асып кеткенімен түсіндірді. Оның пікірінше, «суперинтеллект» атауы технологияның қазіргі даму бағытын дәлірек сипаттайды.
Бұл шешіммен бір күнде АҚШ президенті мен Google, Anthropic, Meta, OpenAI, xAI және Nvidia компанияларының басшылары жасанды интеллект қауіпсіздігі жөніндегі ерікті келісімге де қол қойды. Құжатқа сәйкес, компаниялар ішкі бақылау тетіктерін күшейтіп, өз жүйелеріне тәуелсіз аудит жүргізуге міндеттеме алды.
Келісім жаңа заң қабылдауды немесе қолданыстағы заңдарды өзгертуді талап етпейді. Яғни АҚШ-та технологияның атауы өзгергенімен, оның қазіргі құқықтық реттелуі әзірге сол күйінде қалады.
Материал авторы