ЖИ: Илон Маск не дейді, Билл Гейтс не дейді?
Қазіргі уақытта дамыған да, дамушы да елдердің бәрінің нөмірі бірінші ұмтылысы - жасанды интеллекті. Әлем жасанды интеллектіден шеті-шегі жоқ мол игіліктерді күтеді. Жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді аса маңызды мемлекеттік саясат етіп отырған елдердің бірі Қазақстан. Әрине, бұл жақсы қадам, әлем көшіне ілесу және дамыған ұлы мемлекет болудың жолына түсу.
Бүгінде жасанды интеллекті жөнінен Америка мен Қытай арасында үлкен бәсеке де бар. Ал бәсекенің болғаны жақсы. Бәсеке бар жерде жасанды интеллекті шапшаң дамиды және әлемге де шапшаң тарайды.
Осы орайда жасанды интеллекті мен роботтандыру мәселесіне байланысты екі түрлі пікірді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Бір-біріне кереғар екі пікірдің иелері айды аузына білеген миллиардер адамдар. Бірі Илон Маск болса, екіншісі Билл Гейтс. Илон Маск жасанды интеллекті бүкіл әлемді үлде мен бүлдеге бөлейді десе, Билл Гейтс болса жасанды интеллекті адамзатты құрдымға итермелейді, кем дегенде миллиард адамның түбіне жетеді дейді.
Бұл адамдар не дейді? Соған үңіліп қарайық.
Бірер күн бұрын Илон Маск Қытайдың China Media Group басылымына сұхбат берген екен. Көлемді сұхбаттың ішіндегі жасанды интеллекті жәнеөнеркәсіп, өндіріс атаулыны роботтандыру жайлы бөлігінде миллиардер мынадай пікірлерімен бөліскен.
Жасанды интеллекті мен адам кейпіндегі роботтар бүкіл өндіріс пен қызмет көрсету түрлерін атқарады. Адамзат өмірі болмаған үлде мен бүлдеге бөленеді. Адамдардың күнделікті табысы мен жианаған қаражаты, активтері күрт ұлғаяды. Тауарлар мен қызметтер үнемі сұраныстан ондаған есе артық болады. Роботтар еш шаршамайды, тоқтаусыз жұмыс істейді. Аптада 168сағат болса, сонша сағат істей береді. Роботтарға балалық шақ та, еңбек демалысы да, зейнетақы да керек емес. Олар күндіз-түні сағаттай жұмыс істеп тұрады.
Жасанды интеллекті еңбекті ұйымдастыру, экономиканы қалыпты ұстауістерін де өздері жүргізетін болады. Қысқасы, Илон Масктың сөзінше, әлемде халықтардың үлде мен бүлдеге бөлену дәуірі қалыптасады.
Жасанды интеллекті адамдарға енді не керек деп ойлап, қызмет көрсетудің жаңа түрлерін шығарады. Мысалы, адам нені армандайтынын біліп, сол арманын орындайды. Хан сарайындай сарайды қаласа дәл ойындағыдай етіп салып береді. Миллиардердің ойынша, адам кейпіндегі роботтардың саны енді он жылдан кейін 1 миллиард, он бес жылдан кейін 10 миллиард, ал жиырма жылдан кейін 100 миллиард болады.
Роботтар өнеркәсіп пен өндірісте істеп қана қоймайды, олар қарт адамдарға қызмет етеді, бала қарайды, жеке дәріс өткізетін мұғалім де болады, көлік жүргізеді, тағы басқа толып жатқан міндеттерді атқарады. Адамның рөлі кемімейді. Мысалы бір адам мыңдаған робот пен жасанды интеллекті агенттерінің жұмысын басқара алатын болады. Ал ең бастысы, үлде мен бүлдеге бөлену дәуірінде ақша, қаражат, активтердің маңызы тым төмендеп кетеді. Олардың осы күнгідей құны да болмайды. Тіпті ақшаны қажетсінудің өзі төмендейді.
Ал Билл Гейтс NBC телеарнасына жақында берген сұхбатында жасанды интеллектінің зардабы үлкен болатынын айтыпты. Оның пікірінше жасанды интеллекті кемінде миллиард адамның өліміне себепкер болуы мүмкін. Жасанды интеллекетінің заманауи құралдары пиғылы жаман адамдардың қолындағы жойқын қаруға айналуы ғажап емес. Миллиардер сондықтан Америка жасанды интеллектінің дамып кетуіне бақылау жүргізетін және одан қорғанатын шараларды белгілейтін заң қабылдауы керек деген сөзді айтады. Таяуда ірі компаниялар жасанды интеллектінің шабуылына ұшыраған болатын. Сол кезде де жасанды интеллектіні тежеу туралы пікірлер болды. Мысалы, Anthropic Дарио Амодеи компаниясының басшысы жасанды интеллекті бақылаудан шығып кетуі, оны кибершабуыл мен биотерроризмге пайдалануы мүмкін екенін ескертті.
Билл Гейтстің пікірінше, қазіргідей зұлымдық артып тұрған кезде жасанды интеллекті орасан жойқын қаруға айналуы ғажап емес. Миллиапрдер жасанды интеллектіден бас тартайық демейді. Тек оны бақылау мен басқару тетіктерін күшейту және соған сәйкес заңдарды қабылдау керек дейді.
Материал авторы