3662

Шетелге жасырынған қылмыскерлерді іздеу күшейетін болды

Енді құқық қорғау органдары ТМД елдерімен құжаттар мен мәліметтерді электронды түрде алмаса алады.

Шетелге жасырынған қылмыскерлерді іздеу күшейетін болды
Интерпол

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан шетелде бой тасалап жүрген қылмыстық қудалаудағы адамдарды іздеуді жеделдетуге мүмкіндік беретін жаңа тетікті енгізбек. Бұл бағыттағы заң жобасын Мәжіліс екі оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Kazinform басылымы жазды.

Мәселе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдер арасында адамдарды мемлекетаралық іздеу туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялауға қатысты.

Құжатқа сәйкес, ТМД елдерінің құзырлы органдары арасында ақпарат алмасу электронды форматқа көшіріледі. Атап айтқанда, құқық қорғау органдарына мемлекетаралық іздеуге қатысты құжаттарды ведомстволық электронды пошта серверлері арқылы жіберуге мүмкіндік беріледі.

ҚР ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің айтуынша, бұл келісім Қазақстан үшін шетелге шығып, қылмыстық қудалаудан немесе сот үкімін орындаудан жалтарып жүрген адамдарды іздеуде маңызды.

Хаттамаға Президент 2024 жылғы 8 қазанда Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кезекті отырысында қол қойған.

Қолданыстағы келісім аясында тараптар іздеуде жүрген адамдардың орналасқан жерін анықтау және оларды белгіленген тәртіппен беру мәселелері бойынша ақпарат алмасып келеді. Вице-министрдің мәліметінше, осы жылдар ішінде мемлекетаралық іздеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп, бірқатар практикалық нәтижеге қол жеткізілген.

Қазіргі таңда хаттаманы Армения, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ратификациялаған.

Бұған дейін Мәжіліс Қазақстан мен Катар арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау жөніндегі заңды да екі оқылымда мақұлдаған.

Материал авторы