1157

Алматыда танымал екі блогер балағат сөздер үшін қамауға алынды

Полиция TikTok мониторингі кезінде әдепсіз және балағат сөздер қолданылған видеоны анықтап, оның авторларын жауапқа тартқан.

Алматыда танымал екі блогер балағат сөздер үшін қамауға алынды
Алматы ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда әлеуметтік желідегі видеода балағат және әдепсіз сөздер қолданған екі танымал қазақстандық блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің мәліметі жазды.

Оқиға Наурызбай ауданында болған. Полиция қызметкерлері TikTok желісін мониторингтеу кезінде балағат және әдепсіз сөздер қолданылған видеоны анықтаған. Оның авторлары роликті әзіл-сықақ сипатындағы контент ретінде жариялаған.

Полиция видеоға түскен адамдардың кім екенін анықтады. Олар — 25 жастағы Ибраим Стамбеков пен 21 жастағы Абай Абдыханов.

Сот шешімімен екі блогер де кінәлі деп танылып, әрқайсысына бес тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Ибраим Стамбековтің Instagram желісіндегі парақшасына 400 мыңнан астам адам жазылған. Ал Абай Абдыхановтың аккаунтындағы оқырман саны 110 мыңнан асады.

ІІМ қоғамдық ақпарат кеңістігінде балағат және қорлайтын сөздер қолдану әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін еске салды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай контенттің әзіл ретінде ұсынылуы авторды жауапкершіліктен босатпайды.

Бұл блогерлерге қатысты алғашқы шара емес. Бұған дейін де тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, көрермен мен донат жинауға тырысқан TikTok блогерлері мен стримерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

ІІМ мәліметінше, ел бойынша 20-дан астам блогер мен стример жауапқа тартылған. Олардың кейбірі бірнеше тәулікке қамалған. Ведомство әлеуметтік желіде көбірек лайк пен донат жинау үшін қауіпті пранктер ұйымдастырып, балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен контент авторларына қатысты шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.

Материал авторы