Flydubai ұшағында екі ұшқыш төбелесті: борт басып алынды деген сигнал берілген
Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Boeing 737 экипажы әуеде төтенше жағдай сигналын беріп, кейін ұшақты Сауд Арабиясына бұрған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Дубайдан Тель-Авивке ұшып шыққан Flydubai әуе компаниясының Boeing 737 ұшағы әуеде төтенше жағдай сигналын беріп, кейін бағытын Сауд Арабиясына өзгертті. Кейін борттағы жағдайға екі ұшқыштың арасындағы жанжал себеп болғаны белгілі болды.
FZ 1073 рейсі 30 қыркүйекте Астана уақытымен 08:49-да Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған. Flightradar24 мәліметінше, ұшу басталғаннан шамамен үш сағат өткен соң экипаж төтенше жағдай туралы сигнал берген.
Алдымен ұшақта жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 коды қойылған. Артынша 7500 коды енгізілген. Бұл код әуе кемесіне заңсыз араласу немесе оны басып алу қаупі туралы хабарлау үшін қолданылады.
Осыдан кейін ұшақ төмендеп, бағытын Сауд Арабиясына қарай өзгерткен. Әуе кемесі Иордания шекарасына дейін жеткенімен, елдің әуе кеңістігіне кірмеген. Кейін экипаж кері бұрылып, Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук қаласына бағыт алған.
Нәтижесінде Boeing 737 Сұлтан бин Абдулазиз атындағы әуежайға қонды.
Ұшаққа Израиль әскери-әуе күштерінің жойғыштары да ілескен. Осы кезде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Қорғаныс министрі Исраэль Кац шұғыл кеңес өткізген. Кейін премьер-министр кеңсесі жағдай бақылауда екенін және Израиль азаматтарын қауіпсіз қайтару үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлаған.
Ұшақ бортында 174 жолаушы болған. Олардың 27-сі — балалар.
Кейін борттағы төтенше жағдайдың ұшқыштар арасындағы жанжалдан кейін болғаны белгілі болды. Flydubai әуе компаниясы экипаж мүшелері арасында жанжал болғанын растады. Компания мәліметінше, жанжал ұшқыштардың біреуі есінен танғанға дейін жалғасқан.
«Flydubai 30 қыркүйекте FZ 1073 рейсін орындау кезінде оқиға болғанын растайды. Ұшақ Табук әуежайына қауіпсіз қонды. Барлық жолаушы аман-есен, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», – деді компания өкілі.
Алайда оқиғаның нақты себептері мен ұшқыштар арасындағы жанжалдың қалай басталғаны әзірге толық түсіндірілген жоқ.
Бұған қоса, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаны ұшқыштардың бірінің әуе апатын қасақана ұйымдастыру әрекетімен байланыстырған. Алайда бұл нұсқа ресми түрде расталмаған.
Кейін Telegram-арналардың бірінде жолаушыға сілтеме жасалып, ұшқыштардың бірі пышақпен жараланғаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ жолаушылардың жанжалға араласып, жағдайды бақылауға алуға көмектескені айтылды. Бұл мәліметтер де әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазіргі таңда Flydubai ұшағындағы оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы