3746

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін әскери жаттығуларға электронды бақылау енгізу ұсынылды

Депутаттар ауа райы нашарлап, адамдарға қауіп төнсе, жаттығудың қауіпті кезеңдерін автоматты түрде тоқтатуды ұсынды.

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін әскери жаттығуларға электронды бақылау енгізу ұсынылды
Kazinform

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспийдегі әскери жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуынан кейін Қазақстанда әскери және құтқару оқу-жаттығуларының қауіпсіздігін күшейту ұсынылды. Жаңа жүйе жаттығуға қатысушыларды нақты уақыт режимінде бақылап, ауа райы күрт нашарлаған жағдайда қауіпті кезеңдерді тоқтатуға мүмкіндік беруі тиіс. 

Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Аббат Өрісбаев премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Бұған 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға себеп болған.

Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметші теңізге кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалған.

Депутаттың ұсынысына сәйкес, болашақта жаттығу аймағын дрондар арқылы тұрақты бақылау қажет. Сонымен бірге әр қатысушыға жеке электронды белгі беріліп, оның орналасқан жерін нақты уақыт режимінде көруге мүмкіндік жасалмақ.

Әскери қызметшілерді жеке геолокациялық құрылғылармен жабдықтау да ұсынылды. Құрылғы арқылы адам қажет болған жағдайда SOS белгісін қолмен жібере алады. Бұдан бөлек, әскери қызметші құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз тұрса немесе суға түсіп кетсе, жүйе автоматты түрде дабыл беруі тиіс.

Жаңа жүйе адамның орналасқан жерін ғана емес, оның физиологиялық жағдайын да бақылауды көздейді. Арнайы датчиктер жүрек соғу жиілігі сияқты көрсеткіштерді үздіксіз жіберіп отыруы мүмкін.

Сонымен қатар орталық басқару пунктіне ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну деңгейі мен теңіздің жағдайы туралы ақпарат келіп тұруы керек. Егер көрсеткіштер белгіленген шектен асып, адамдардың өміріне қауіп төнсе, жаттығудың қауіпті кезеңін дереу тоқтату ұсынылды.

«Мұндағы ең маңызды мәселе – адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі. Оқу-жаттығу шаралары жеке құрамның өміріне қауіп төндірмеуі тиіс. Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету оқу міндеттерін орындаудан жоғары тұруы керек», – делінген депутаттық сауалда.

Сондай-ақ әр оқу-жаттығуға дейін бірыңғай қауіпсіздік жоспарын әзірлеу ұсынылды. Онда қатысушылардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптар, тәуекел картасы, эвакуация бағыттары, құтқару тобының құрамы және ауа райына байланысты шектеулер көрсетілуі керек. Жаттығу өтетін аумақты алдын ала тексеру де жоспарға енгізілмек.

Депутат үкіметке үш ай ішінде әскери, арнайы және авариялық-құтқару оқу-жаттығуларына арналған бірыңғай қауіпсіздік стандартын әзірлеуді ұсынды. Алдымен жүйені жекелеген өңірлерде пилоттық режимде сынап, нәтиже оң болған жағдайда оны бүкіл елге енгізу көзделіп отыр.

Материал авторы