Шакира Бішкекте концерт береді: билет бағасы 600 мың теңгеге дейін жетеді
Колумбиялық әншінің 18 қазандағы концертіне билеттер санатына қарай 60 мыңнан 600 мың теңгеге дейін сатылып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, колумбиялық әнші Шакира 18 қазанда Бішкекте концерт береді. Әншінің Қырғызстан астанасындағы шоуына билеттердің бағасы 600 мың теңгеге дейін жетеді.
Концерт туралы ресми ақпаратты Қырғызстан президенті іс басқармасының жетекшісі Қаныбек Тұманбаев Instagram парақшасында жариялаған.
Ticket.gov.kg сайтында жарияланған схемаға сәйкес, билеттер 12 мыңнан 120 мың қырғыз сомына дейін сатылады. Бұл шамамен 60 мыңнан 600 мың теңгеге дейінгі сома.
Ең арзан билет шектеулі көрінісі бар орындарға арналған. Оның бағасы — 12 мың сом, яғни шамамен 60 мың теңге.
Бесінші санаттағы орын 13,5 мың сом (68 мың теңге), төртінші санат — 22 мың сом (110 мың теңге), үшінші санат — 28 мың сом (140 мың теңге), екінші санат — 34 мың сом (170 мың теңге), ал бірінші санаттағы билет 40 мың сомға (200 мың теңге) бағаланған.
Бұдан бөлек, фан-аймаққа кіру құны 40 мың сом немесе шамамен 200 мың теңге. Би алаңындағы билет 27 мың сом (135 мың теңге), Skybox — 30 мың сом (150 мың теңге) тұрады.
Ал VIP-аймақтағы орындардың бағасы 120 мың сомға, яғни шамамен 600 мың теңгеге дейін барады.
Шакираның концертіне қатысты Қырғызстандағы жанкүйерлер Threads желісінде де қызу пікір алмасып жатыр. Кейбір қолданушылар 18 күн ішінде 51 мың адамға арналған стадионды толық толтыру қиын болуы мүмкін екенін айтқан. Өзгелері көрерменнің едәуір бөлігін Қазақстаннан келетін жанкүйерлер құрауы ықтимал деген пікір білдірген. Арасында концертке билет алу үшін ақша жинауды бастағандар да бар.
Шакираның Бішкектегі концерті 18 қазанда өтеді. Билет бағасы санатына қарай ондаған мыңнан 600 мың теңгеге дейін өзгереді.
Материал авторы