Атышулы блогер Жанабыловтар отбасы ажырасып жатқанын мәлімдеді
Блогер әлеуметтік желідегі жазбасында Ерболат Жанабыловпен қазіргі таңда ажырасу процесі жүріп жатқанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық блогер Эльмира Төлегенова Ерболат Жанабыловпен ажырасып жатқанын мәлімдеді. Ол бұл туралы Instagram желісіндегі сторисінде айтып, әлеуметтік желіде тараған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Түнде осылай сториске шығып, бұл туралы хабарлағым келмеген еді. Бірақ қазір біз ажырасу процесіндеміз», – деді Төлегенова.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде блогердің гардеробқа кіріп, есікті ішінен жауып отырған видеосы тараған. Кейін бұл видео оның парақшасынан өшірілген.
Төлегенова өз сторисінде оқиғаның мән-жайына тоқталып, желіде тараған кейбір болжамдарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, жағдай кезінде күш қолдану болмаған.
«Кейбіреулер ойлағандай, қол жұмсау болған жоқ. Мен гардеробқа Ерболат екінші телефонымды алып қоймақ болғандықтан кіріп, есікті ішінен жаптым», – деді блогер.
Қазір Эльмира Төлегенова балаларымен бірге үйінде отырғанын айтты. Оның жанында жақын адамдары бар.
Блогер болған жағдайды толық түсіндіруге уәде берді. Алайда бұл үшін алдымен сабырға келіп, өзін қалыпқа келтіруі керек екенін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін 27 сәуірде Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Сот оларды заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша және өзге мүлікті заңдастыруға қатысты айыптар бойынша кінәлі деп таныған.
Сот шешімімен Жанабылов пен Төлегенова қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алды деп танылған 17 iPhone 16 смартфоны мен сегіз Hyundai Elantra автокөлігін тәркілеу туралы шешім қабылданған.
Материал авторы