910

Оңтүстік Кореяда құрылыс алаңында қазақстандық жұмысшы қаза тапты

Шамамен 30 жастағы жұмысшы көпқабатты үйдің 23-қабатында тазалық жұмыстары басталуын күтіп отырған кезде бетон төбенің бір бөлігі опырылған.

Оңтүстік Кореяда құрылыс алаңында қазақстандық жұмысшы қаза тапты
m-en.yna.co.kr

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сеулдегі құрылыс алаңында болған қайғылы оқиға салдарынан Қазақстан азаматы қаза тапты.

Оңтүстік Кореяның астанасында көпқабатты тұрғын үй құрылысы кезінде бетон төбенің бір бөлігі опырылып, шамамен 30 жастағы қазақстандық жұмысшының үстіне құлаған.

Yonhap агенттігінің мәліметінше, оқиға сейсенбі күні Сеулдің оңтүстік бөлігіндегі құрылыс нысандарының бірінде болған. Қаза тапқан жұмысшы ғимараттың 23-қабатындағы пәтерлердің бірінде тазалық жұмыстарының басталуын күтіп отырған.

Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігі оқиғадан кейін нысандағы жұмысты дереу тоқтатқан. Қазір апаттың нақты себебі полиция және құрылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету органдарымен бірлесіп тексеріліп жатыр.

Тергеу барысында құрылысқа жауапты компаниялардың еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтаған-сақтамағаны да анықталмақ.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сеулде ел азаматының қаза тапқанын растады.

Ведомствоның мәліметінше, оқиғаға байланысты Корея Республикасының құзырлы органдары тергеу бастаған. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.

Тергеу нәтижесінде құрылыс алаңындағы апаттың нақты себептері мен оған жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілмек. 

Материал авторы