865

«Сотта кездескенше»: Роза коуч танымал имамды сотқа бермек

Роза Әшірбаева имамға бірқатар заң нормаларын көрсетіп, жарияланым өшірілмесе, істі сотқа жеткізетінін мәлімдеді.

«Сотта кездескенше»: Роза коуч танымал имамды сотқа бермек
жеке парақшасынан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әйел құқығы, отбасы және ерлі-зайыпты қарым-қатынасы туралы пікірталас имам Данияр Кенжеұлы мен коуч Роза Әшірбаеваның арасында дауға ұласты.

Данияр Кенжеұлы әлеуметтік желідегі парақшасында Роза Әшірбаеваның әйелдер мен отбасылық қарым-қатынас тақырыбындағы контентіне қатысты сын-пікір білдірген. Имам жазбасында коучтың көзқарастары кей әйелдердің отбасындағы шешімдеріне ықпал етуі мүмкін екенін айтқан.

Ол мәселе нақты бір адамның жеке ұстанымымен шектелмей, әйел құқығын қорғау түсінігі арқылы отбасы институтына қатысты белгілі бір көзқарастардың таралуында екенін алға тартқан.

Имам ер адамдардың әйелдерге қысым көрсетуі немесе зұлымдық жасауы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын, алайда жекелеген адамдардың әрекетін бүкіл ер адамның табиғатына телуге болмайтынын жазған.

Сонымен қатар Данияр Кенжеұлы ене мен келін арасындағы қарым-қатынасқа қатысты да пікір білдірді. Оның пайымынша, жекелеген келеңсіз жағдайларға қарап барлық енені теріс қабылдауға болмайды. Сондай-ақ анасына құрмет көрсететін ер адамды кемсітуге немесе күйеуіне сүйіспеншілікпен қарайтын әйелдің таңдауын төмендетуге болмайтынын айтқан.

Имам жазбасының соңында мұндай контентке заң аясында құқықтық баға берілуі қажет екенін жеткізді.

Бұл жазбаға Роза Әшірбаева да жауап берді. Коуч Данияр Кенжеұлы өзінің аты-жөні мен фотосын рұқсатсыз пайдаланғанын айтып, жарияланым өшірілмеген жағдайда сотқа жүгінетінін мәлімдеді.

«Сіз мені заңмен жазалаймын деп, өзіңіз заң бұзып отырсыз» деген мазмұнда жауап берген Роза Әшірбаева Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіндегі 143 және 145-баптарға, сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабына сілтеме жасады.

Коучтың айтуынша, жарияланымға қатысты дәлелдер нотариалды түрде тіркелген. Ол материал өшірілмесе, істі сотқа беретінін айтып, Instagram әкімшілігіне де шағым түсірген.

Осылайша, әлеуметтік желідегі пікірталас екі тараптың құқықтық талаптары айтылған дауға айналды. Қазір тараптардың сотқа жүгінгені туралы ақпарат жоқ. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор