1229

Ұлдана Мырзуанның өлімі: адвокат сот тергеуін қайта бастауды сұрады

Жәбірленуші тараптың адвокаты жаңа мән-жайлар істің толық зерттелуі үшін маңызды болуы мүмкін екенін алға тартты.

Ұлдана Мырзуанның өлімі: адвокат сот тергеуін қайта бастауды сұрады
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков сот тергеуін қайта бастауды сұрады. Қорғаушының айтуынша, іс бойынша жаңа мән-жайлар қосымша зерттеуді қажет етуі мүмкін.

Адвокат бүгін сотта өтініш білдіріп, сот тергеуін қайта бастауды сұраған. Оның мәліметінше, Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында жәбірленуші Нұрпейісованың өкілі құрылыс компаниясының басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға берген шағымы қаралған.

Нұрсұлтан Орынбеков сот тергеуі аяқталғаннан кейін іс үшін маңызы бар жаңа дәлелдер пайда болса, тараптардың оны қайта бастау туралы өтініш жасауға құқығы бар екенін атап өтті.

Адвокаттың айтуынша, тергеу судьясының шағым бойынша шығарған шешімі қылмыстық құқықбұзушылықтың барлық мән-жайын толық анықтауға, сондай-ақ іс аясында әрекеті немесе әрекетсіздігі бағалануға тиіс тұлғаларды айқындауға тікелей әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты қорғаушы Сауле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуін қайта бастауды сұрады. Сонымен бірге ол тергеу сотынан жәбірленуші Нұрпейісованың өкілі берген шағымның қаралу нәтижесіне қатысты мәліметтер мен сот актісін алдыруды өтінді.

Судья өтініш бойынша шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

Айта кетейік, бүгін сот отырысында сотталушы Сауле Жұбаниязоваға соңғы сөз беру жоспарланған болатын.

Материал авторы