1185

Ер адам әйелінің суреттеріне лайк басқан танысын пышақтап тастады

БҚО-да ер адам Instagram-да жұбайының суреттеріне лайк басқан танысымен жанжалдасып, оған үш рет пышақ сұққан.

Ер адам әйелінің суреттеріне лайк басқан танысын пышақтап тастады
Akishin Vyacheslav / moscow-live.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік желідегі лайк үшін басталған жанжал қылмыстық іске ұласты. Ер адам жұбайының Instagram-дағы суреттеріне лайк басқан танысына үш рет пышақ сұққан.

Іс Жәнібек аудандық сотында қаралған. Сот материалдарына сәйкес, сотталушы танысының жұбайының әлеуметтік желідегі суреттеріне лайк қойғанын көріп, оған ашуланған. Осыдан кейін екі ер адамның арасында жанжал туындаған.

Кикілжің кезінде сотталушы пышақ алып, танысын үш рет жаралаған. Жәбірленуші ауыр жарақат алған. Ал шабуыл жасаған ер адам оқиға орнынан қашып кеткен.

Кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа жеткен. Сот отырысында ер адам өз кінәсін мойындап, болған жағдай үшін кешірім сұраған.

Сот шешімімен оған үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ер адам үш жыл бойы пробациялық бақылауда болады.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор