«Немеремді көре алмай отырмын»: Жанболат Найзабеков анасына қатысты ауыр естелігін бөлісті
Жанболат Найзабеков анасының Дубайға бару туралы арманын орындауға қазір мүмкіндігі бар екенін, алайда оған тым кеш болғанын жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал актер Жанболат Найзабеков анасының көру қабілетіне байланысты отбасында болған ауыр сәттерді еске алды. Актер бұл туралы Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтып, анасының орындалмай қалған арманына тоқталды.
Жанболат Найзабеков бесінші ұлы дүниеге келген кезде анасының немересін көруге келгенін айтты. Алайда көзі нашар көретін анасы сәбиді көре алмай, мұңайған.
Актердің айтуынша, анасы немересінің дауысын естігенімен, өзін көре алмағанын айтқан. Бұл сөздер оған қатты әсер етіп, жақынына көмектесе алмағандай күй кешкен.
«Бесінші ұлым дүниеге келген кезде анам үйге келді. Залда отырып: “Немеремнің даусын естимін, бірақ өзін көре алмай отырмын. Түк көрмеймін” деді. Сол сәтте қатты қиналдым. Бірдеңе жасағым келеді, бірақ қолымнан ештеңе келмейтіндей сезіндім. Бұл да бір сынақ», – деді актер.
Найзабеков әкесінің де осы жағдайға қатысты айтқан сөзін еске алды. Оның әкесі көз дәрігері болған екен.
«Әкем “ұста пышаққа жарымайды” деп отыратын. Өзі көз дәрігері бола тұра, “әйелімнің көзі көрмейді” дейтін», – деп бөлісті ол.
Актер анасының бір кездері Дубайға баруды армандағанын да айтты. Анасы жағдайы түзелгенде баласының өзін сол жаққа апаруын сұраған.
«Анам “Балам, байыған кезде Дубайға апаршы” дейтін. Мен “апарамын” деп жауап беретінмін. Қазір апаруға мүмкіндігім бар. Бірақ анам оны көре алмайды. Адамның амалсыз қалуы деген осы шығар», – деді Жанболат Найзабеков.
Актердің бұл әңгімесі сұхбат жүргізген Ләйлә Сұлтанқызына да қатты әсер етіп, ол көз жасына ерік берді.
Материал авторы