24 жастағы жігіттің өлімі: Алматы облысында үш адам сот алдында жауап беріп жатыр
Тергеу нұсқасы бойынша жолдағы жанжалдан кейін үш жігіт көлікпен Жанасыл Сарсенбайды үйіне дейін қуып барып, сол жерде шабуыл жасаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Қаскелең қаласында 24 жастағы Жанасыл Сарсенбайдың өліміне қатысты сот процесі басталды. Іс бойынша үш адам сот алдында жауап беріп жатыр: олардың біріне адам өлтірді деген айып тағылса, қалған екеуі қылмысты жасырды деп айыпталған. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.
Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиғаға мамыр айында болған жолдағы жанжал себеп болған. Айыптау нұсқасы бойынша, жанжалдан кейін күдіктілер Жанасыл Сарсенбай мен оның інісі отырған көлікті үйіне дейін қуған. Үйдің маңында олардың бірі Жанасылға пышақ жарақатын салған. 24 жастағы жігіт ауруханада көз жұмған.
Сот отырысы ашық форматта өтіп жатыр. Алайда үш айыпталушы да өздерінің жүзін көрсетуге қарсылық білдірген.
Сотта айыпталушылардың бірі жанжалдан кейін Жанасыл отырған көліктің соңынан барғандарын айтты. Оның сөзінше, үйдің маңына келген кезде жанжалға қатысушылардың бірі көліктен түсіп, Жанасылға пышақ сұққан.
Марқұмның туыстары оқиға болған күні Жанасылдың інісімен бірге әкесінің қабіріне барғанын айтты. Олардың сөзінше, жанжал бірнеше жігіт отырған көлік жолды бөгеп, ескерту жасалғанына қарамастан жол бермегеннен кейін басталған.
Марқұмның інісі Еркебұлан Сарсенбай сотта шабуылдың аяқ астынан болғанын және оған дейін ешқандай әңгіме болмағанын мәлімдеді.
«Үшеуінің көліктен түскенін көрдік. Мен жолаушы жағында тұрдым. Ешқандай әңгіме болған жоқ. Кенет Елхан ағама екі пышақпен соққы жасады: алдымен оң қолымен, кейін сол қолымен», – деді Еркебұлан Сарсенбай.
Жанасылдың анасы сотта айыпталушыларды кешірмейтінін айтып, оларға қатаң жаза тағайындауды талап етті.
«Ұлым жүгіріп келіп, “Мама, ағамды пышақтап кетті” деді. Далаға шықсам, Жанасыл тізерлеп отыр екен. Құшақтадым. Жедел жәрдем шақырдық. Кейін өзіміз ауруханаға апаруды ұйғардық. Бірақ дәрігерлер “Ұлыңыз қайтыс болды” деді. Мен кешірмеймін. Мұны кешіру мүмкін емес. Осы үшеуі жасаған қылмысы үшін жазасын алсын», – деді ол сотта.
Жәбірленуші тарап айыпталушылардан моральдық зиян үшін 100 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етіп отыр.
Қылмыстық іс «Адам өлтіру» және «Қылмысты жасыру» баптары бойынша тергелуде. Айыпталушылардың кінәсі сотта дәлелденген жағдайда, оларға алты жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Еске салайық, Жанасыл Сарсенбай 2026 жылдың мамырында Алматы облысы Талғар ауданында қаза тапқан. Полицияға оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін сыртқы нарядтар жұмылдырылып, блокбекеттер қойылған. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар деген күдікпен марқұмның үш ауылдасын жедел түрде ұстаған. Алғашында бұл факті бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптарымен қылмыстық іс қозғалған. Айыпталушылар уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Материал авторы