1488

Ұлытауда 950 млн теңгенің марганец кенін заңсыз өндіргендер ұсталды

Күдіктілер марганец кенін заңсыз өндіріп, кейін оны ел аумағынан тыс жерге шығарған.

Ұлытауда 950 млн теңгенің марганец кенін заңсыз өндіргендер ұсталды
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлытау облысының Қаражал қаласында марганец кенін заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобының әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен «Восточный» карьері аумағында жүргізілген заңсыз өндірістің жолын кескен.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер марганец кенін заңсыз өндіру үшін ауыр карьер техникасын пайдаланған. Олардың арасында экскаваторлар, тиегіштер мен самосвалдар болған.

Карьер аумағында заңсыз өндірілген шикізатты өңдеуге арналған өндірістік база да жабдықталған. Кен арнайы ұсақтау-жуу кешенінен өткізілген.

Кейін өңделген марганец кенін жүк көліктерімен Қазақстаннан тыс аумаққа шығарған.

Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз өндіріліп, сатылған марганец кенінің көлемі 4 мың текше метрден асып кеткен. Оның жалпы құны 950 миллион теңгеден жоғары деп бағаланып отыр.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық іс аясындағы өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабынасәйкес жария етілмейді.

Материал авторы