Қазақстан мұнай өңдеуді жылына 39 млн тоннаға дейін арттырмақ
Елде қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының қуаты кеңейіп, 2033 жылға дейін жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа кешен салу көзделіп отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мұнай өңдеу көлемін айтарлықтай ұлғайтуды жоспарлап отыр. Елдегі жиынтық өңдеу қуаты қолданыстағы зауыттарды кеңейту және жаңа ірі мұнай өңдеу әрі мұнай-химия кешенін салу есебінен жылына 39 млн тоннаға жеткізілмек. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрлігі жазды.
Жаңа кешенді 2033 жылға дейін іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын жылына шамамен 10 млн тонна мұнай өңдей алады. Энергетика министрлігі Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаевтың айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға қолайлы орынды анықтау үшін төрт ықтимал аумаққа бағалау жүргізіледі.
«Жаңа зауыт заманауи мұнай-химия кластерінің өзегіне айналады», – деді Дәулет Арықбаев.
Сонымен қатар Қазақстан қолданыстағы мұнай өңдеу кәсіпорындарының өндірістік мүмкіндігін кеңейтпек. Қазір елдегі мұнай өңдеу қуаты жылына 18 млн тонна болса, оны 29,2 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.
Атап айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 2030 жылға қарай жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайтылмақ.
Павлодар мұнай-химия зауытында өңдеу көлемі 2031 жылға дейін 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға жеткізіледі.
Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының қуаты кезең-кезеңімен артып, 2028 жылға қарай қазіргі 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға жетуі жоспарланып отыр.
Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі әзірге сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Дәулет Арықбаевтың мәліметінше, елде өндірілетін мұнайдың шамамен 80 пайызы экспортқа шығарылады.
Қазақстан мұнайының шетелге тасымалдануында Каспий құбыр консорциумы (КҚК) негізгі бағыт болып отыр. Экспорттық жеткізілімдердің 80 пайыздан астамы осы жүйеге тиесілі.
Бұдан бөлек, мұнай Атырау – Самара бағытымен, Қытайға және Ақтау порты арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданады.
Жоспарланған жобалар іске асқан жағдайда Қазақстан мұнайды ішкі нарықта өңдеу көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа мұнай-химия өндірістерін дамытуға да мүмкіндік алмақ.
Материал авторы