Шымкентте балалармен интернетте танысып, интимдік фото мен видео сұраған ер адам ұсталды
Ер адам өзін жасөспірім ретінде таныстырып, балалардың сеніміне кірген көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте кәмелетке толмаған қызға қатысты заңсыз әрекет жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Полицияның мәліметінше, ол интернет арқылы балалармен танысып, өзін 14 жастағы жасөспірім ретінде таныстырған. Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті 10-12 жастағы балалармен интернет-мессенджерлер арқылы танысқан. Олардың сеніміне кіргеннен кейін онлайн қарым-қатынасын жалғастырған.
Полиция анықтаған эпизодтардың бірінде ер адам қызбен онлайн ойын арқылы танысып, одан телефон нөмірін алған. Кейін екеуі WhatsApp арқылы хат алмасқан.
Ведомствоның мәліметінше, сөйлесу барысында күдікті түрлі сылтаулармен баладан интимдік сипаттағы фото және видео жіберуді сұраған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Шымкент тұрғыны ұсталды. Полиция оның кінәсін мойындағанын хабарлады.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Құзырлы орган оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, ер адамның осыған ұқсас басқа да жағдайларға қатысы бар-жоғын тексеруде. Күдіктінің кінәсі сотта дәлелденген жоқ.
Материал авторы