1768

Құлсарыда емші әйел екі адамды 4,4 млн теңгеге алдап кеткен

Халық емшісі жәбірленушілерді баспана алуға көмектесемін және көлік мәселесін шешіп беремін деп алдаған көрінеді.

Құлсарыда емші әйел екі адамды 4,4 млн теңгеге алдап кеткен
көрнекі фотосурет / Stock Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Құлсарыда емшілікпен айналысқан жергілікті тұрғын алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Әйел екі жәбірленушіге көлік пен баспана мәселесін шешіп беруге уәде етіп, жалпы 4,4 млн теңгеден астам шығын келтірген.

Сот анықтағандай, сотталған әйел жәбірленушілердің біріне Грузиядан әкелінген Subaru Outback көлігін Қазақстанда есепке қоюға және салыққа қатысты мәселелерді шешуге көмектесетінін айтқан.

Көлік иесі оның қызметіне сеніп, шамамен 3,85 млн теңге берген. Алайда уәде етілген жұмыстар орындалмаған, ал ақша иесіне қайтарылмаған.

Екінші жәбірленушіге әйел баспана алуға жәрдемдесетінін уәде еткен. Бұл үшін ол жалпы құны 570 мың теңге болатын үш төсек-орын жиынтығын алған. Тауарлар Атыраудан Құлсарыға жөнелтілген.

Осы екі эпизод бойынша жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 4 418 681 теңгеніқұрады. Сот талқылауы басталғанға дейін бұл қаражат өтелмеген.

Сот әйелді кінәлі деп танып, бастапқыда 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Кейін рақымшылық қолданылып, жаза мерзімі 3 жыл 6 айға қысқартылды.

Алайда сотталған әйелдің асырауында тоғыз кәмелетке толмаған баласы бар екені ескерілді. Осыған байланысты оның жазасын өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылды. Әйел сот залында қамаудан босатылды.

Сонымен бірге жазаны өтеу мерзімінің кейінге қалдырылуы сотталған әйелді келтірілген залалды өтеу міндетінен босатпайды. Ол екі жәбірленушіге 4,4 млн теңгеден астам қаражатты толық қайтаруға тиіс.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор