Күйеуінен «сұрану» мәселесі: имам Роза Әшірбаеваға қатысты ойын нақтылады
Роза Әшірбаева бұған дейін имамның аты-жөні мен суретін рұқсатсыз пайдаланғанын айтып, материал өшірілмесе сотқа жүгінетінін мәлімдеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, имам Данияр Кенжеұлы коуч Роза Әшірбаевамен арадағы дауға қатысты әлеуметтік желіде тағы бір көлемді жазба жариялады. Ол жаңа жазбасында бұған дейінгі пікірлерін нақтылап, мәселе жұрт назарын аударған «күйеуінен сұрану» деген бір ғана тіркеспен шектелмейтінін түсіндірді.
Данияр Кенжеұлы алғашқы жазбасынан кейін көпшілік оның бірнеше бетке созылған пікірінен бір ғана сөйлемді бөліп алып, негізгі талқылауды соған бұрғанын айтты.
Имамның сөзінше, ол Роза Әшірбаеваның контентіне бір ғана пікірге сүйеніп баға бермеген. Ол коучтың әр кезеңде сұхбаттарында, подкасттары мен видеоларында айтқан сөздерін салыстырып, олардың астарындағы ортақ ұстанымдарға назар аударғанын жеткізді.
Ол отбасы, неке, ажырасу және ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына қатысты пікірлер көпшілік аудиторияға ұсынылған кезде әлеуметтік-психологиялық, қажет болған жағдайда құқықтық сараптамадан өтуі керек деп есептейтінін айтты.
Данияр Кенжеұлы әйелдің күйеуінің табысымен өмір сүруін бірден «қаржылық тәуелділік» деп атауға да қарсы екенін білдірді. Оның түсіндіруінше, отбасының материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету – ер адамның мойнына алған жауапкершілігі болуы мүмкін.
«Нәпақа – еркектің мойнына алған жауапкершілігі ғой, үстемдігі емес. “Мен сені асыраймын, сондықтан маған бағыныштысың” деген еркек болса, мәселе әйелдің жұмыссыздығында емес, еркектің зұлымдығында», – деді имам.
Ол бір отбасындағы зорлық-зомбылықты мысалға алып, басқа отбасында ер адамның әйелін қамтамасыз етуін де автоматты түрде «тәуелділік» деп бағалауға болмайтынын алға тартты.
Сонымен бірге имам әйелдің жұмыс істеуі, кәсіппен айналысуы немесе білім алуы өз еркіндегі таңдау екенін атап өтті. Алайда әйелге «ертең күйеуіңнен кету үшін ақша тап» деген мазмұнда кеңес беру отбасылық қарым-қатынасқа алдын ала ажырасу қаупі тұрғысынан қарауға итермелеуі мүмкін деген пікір білдірді.
«Әйел қаласа жұмыс істесін, кәсіп қылсын, білім алсын, дүние тапсын. Бірақ “қабілетің бар, кәдеге жарат” деген сөз бен “ертең күйеуің қорлық көрсетсе, кете алуың үшін ақша тап” деген сөздің тәрбиесі екі бөлек», – деп жазды Данияр Кенжеұлы.
Имам сондай-ақ үй шаруасымен айналысып, отбасын мансаптан жоғары қоятын әйелдердің таңдауын кемсітуге болмайтынын айтты.
«Әйел құқығы деген әйелдің сіз ұнатқан таңдауды жасау құқығы ғана емес қой. Сізге ұнамайтын таңдауды жасау құқығы да әйел құқығы», – деді ол.
Данияр Кенжеұлы ер адамның отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз етуін жауапкершілік ретінде қабылдай отырып, әйелдің отбасы үшін атқаратын еңбегін «езгінің белгісі» деп бағалауды да дұрыс емес деп санайтынын жеткізді.
Жазбасының соңында имам Роза Әшірбаеваның сотқа жүгінетіні туралы бұрынғы мәлімдемесіне де тоқталып, пікірталасты жалғастыруға дайын екенін аңғартты.
Еске салайық, бұған дейін Данияр Кенжеұлы Роза Әшірбаеваның әйелдер, отбасы және ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы туралы контентін сынға алған еді. Бұған жауап ретінде Роза Әшірбаева имамның өз аты-жөні мен суретін рұқсатсыз пайдаланғанын айтып, материал өшірілмесе, сотқа жүгінетінін мәлімдеген.
Материал авторы