Қазақстан ЖИ-ді өнеркәсіпке енгізуге кірісті: Тоқаев негізгі міндеттерді атады

Қазақстан 2029 жылға дейінгі Digital Kazakhstan стратегиясы аясында жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесін қалыптастырып жатыр.

Қазақстан ЖИ-ді өнеркәсіпке енгізуге кірісті: Тоқаев негізгі міндеттерді атады
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Жиында өнеркәсіп секторын цифрлық трансформациялау және жасанды интеллектіні өндірісте қолдану мәселелері қаралды. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram-арнасы хабарлады.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің жаңа цифрлық дәуірдегі бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналғанын айтты.

Тоқаев БҰҰ-ның Өнеркәсіптің дамуы туралы 2026 жылғы есебінде жасанды интеллект әлем экономикасының келбетін өзгертетін бес трансформациялық мегатрендтің бірі ретінде көрсетілгенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы бес жылда жасанды интеллектке қатысты патенттердің үлесі шамамен үш есеге артқан.

Президент технологиялық өзгерістер жағдайында елдер арасындағы бәсекелестік енді тек табиғи ресурстар, капитал мен нарық үшін емес, өндірістің тиімділігі үшін де жүріп жатқанын айтты.

«Қазақстан осы мүмкіндіктерді қалт жібермеуі қажет. Басты міндет – еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыруды жеделдету және қосылған құны жоғары өнім өндіруді кеңейту. Осы жұмыстарды атқаруда жасанды интеллект негізгі құралдардың бірі болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 2029 жылға дейінгі Digital Kazakhstan стратегиясы аясында нақты экономикалық нәтижеге бағытталған жасанды интеллектінің ұлттық кешенді экожүйесі қалыптасып жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысының мәліметінше, биылғы сегіз айда Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 46 триллион теңгеге жеткен. Ал өңдеу өнеркәсібі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға өскен.

Сонымен бірге Тоқаев экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін еңбек өнімділігін арттыруға, өнеркәсіптік базаны жаңғыртуға және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайтуға басымдық беру қажет екенін айтты.

Президенттің пікірінше, жасанды интеллектінің негізгі құндылығы – адам мүмкіндігін күшейтуінде. Оның айтуынша, жаңа технология инженерлерге нақты шешімдер қабылдауға, жұмыс тиімділігін арттыруға, ал басшыларға жедел талдау деректеріне сүйеніп, уақытылы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Тоқаев «Вашингтон моделін» қолдады

Кеңес отырысында Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту мәселесіне де тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың басшылары қол қойған жасанды интеллектінің озық технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуға бағытталған ерікті келісімнің стратегиялық маңызын атап өтті.

«Дер кезінде көтерілген осы маңызды бастаманы құптаймын. Жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер ешқандай шекараға бағынбайтынын бәрі түсінеді. Сондықтан мемлекеттер мен бизнес қауымдастық тарапынан үйлесімді әрекет қажет», – деді Президент.

Ол Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделегеннен кейін мүдделі мемлекеттер оны жасанды интеллектіні жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыра алатынын айтты.

Тоқаевтың пікірінше, «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық. Қазақстан өз кезегінде жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту ұстанымын қолдайтынын мәлімдеді.

Президент осы бағытта халықаралық деңгейде сындарлы диалог жүргізу үшін Қазақстанның алаң ұсына алатынын айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшелерінен Қазақстанның осы саладағы халықаралық бастамасына қатысты қысқа мерзім ішінде нақты ұсыныстар әзірлеуді сұрады.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның ортақ ұстанымы биыл желтоқсанда Майамида өтетін G20 саммитінде таныстырылады.

 

Материал авторы