«Рахмет, Қазақстан»: Дима Билан Қарағандыдағы 250 мың көрермен туралы айтты
Ресейлік әнші Қарағандыға 20 жылдан кейін оралып, концертке жиналған көпшілікке ерекше әсер алғанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік әнші Дима Билан Қарағандыдағы концертінен кейін әлеуметтік желіде әсерімен бөлісті. Өнер иесі бұл қалада бұдан 20 жыл бұрын, 2006 жылы өнер көрсеткенін еске алды.
Әншінің айтуынша, Қарағандыға ұзақ уақыттан кейін қайта оралып, сахна алдында жүздеген мың адамды көру оған ерекше әсер қалдырған.
«Мен мұнда тұтас бір ғұмыр өткеннен кейін қайта оралдым. Ал алдымда 250 мың адам тұрды. Ширек миллион адам. Сахнаға шығып, алдыңда созылып жатқан адамдардың шексіз легін көргенде, бірнеше секундқа сөз таппай қаласың», – деді Дима Билан.
Ол жиырма жыл ішінде көп нәрсе өзгергенін атап өтті. Қалалар, музыка, өзінің шығармашылық жолы өзгеріп, осы уақыт аралығында түрлі елдерде концерттер беріп, көптеген оқиғаларды бастан өткергенін жазды.
Соған қарамастан, кейбір кездесулер уақыттың өзін кейін шегіндіретіндей әсер қалдыратынын жеткізді. Әнші сахнада тұрып, 20 жыл бұрын дәл осы қалада болғанын ойлағанын айтты.
«Ол кездегі Дима біздің бұл қаламен келесі кездесуіміз қандай болатынын елестете алар ма еді? 20 жылдан кейінгі 250 мың адам. Меніңше, өмір бұдан әдемі сценарий ойлап таба алмас еді», – деп жазды әнші.
Дима Билан Қарағанды мен Қазақстанға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
«Қарағандыға рахмет. Осы кездесу үшін Қазақстанға рахмет. Өзіммен бірге алып кеткен және бір-бірімізбен бөліскен сезімдердің ауқымы үшін алғысым шексіз», – деді ол.
Әнші алдағы концерттерін де жариялады. Дима Билан 20 қарашада Астанада, ал 22 қарашада Алматыда жеке концерт береді.
«Екі үлкен жеке концертім болады. Басқа кеңістік, басқа драматургия, басқа шоу. Бірақ музыка арқылы сол баяғы әңгіме жалғасады. Кездескенше!» – деп қорытындылады өнер иесі.
Материал авторы