Flydubai ұшағындағы пышақты шабуыл: екінші ұшқыштың аты аталды
АҚШ арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдарындағы дереккөздер ұшақтағы жанжалға Оман азаматының қатысы болуы мүмкін екенін хабарлады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағында әуе кемесінің командиріне пышақпен шабуыл жасады деген күдікке ілінген екінші ұшқыштың аты аталды.
Америкалық ABC телеарнасы жоғары лауазымды АҚШ арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдары өкілдеріне сілтеме жасап, күдікті 29 жастағы Оман азаматы Хамам әл-Хаммами болуы мүмкін екенін жазды.
Оқиға 30 қыркүйекте ұшу кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, екінші ұшқыш қолына пышақ алып, экипаж командиріне шабуыл жасаған. Сол кезде ұшақ бортында 150-ден астам адам болған.
Кейін шабуыл жасады деген күдікке ілінген адамның Оман азаматы екені белгілі болды. Ал зардап шеккен әуе кемесінің командирі Үндістаннан шыққан.
Алайда Хамам әл-Хаммамидің оқиғаға қатысы бары және оның күдікті екені әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Бұған дейін Дубайдан Тель-Авивке ұшқан Flydubai әуе кемесі төтенше жағдай сигналын беріп, Сауд Арабиясына шұғыл қонғаны хабарланған. Жергілікті БАҚ Израиль шенеуніктеріне сілтеме жасап, оқиғаға пилоттар арасындағы жанжал себеп болуы мүмкін екенін жазған.
Материал авторы