Бір фильмге $450 мың: Астанада AI байқауының жеңімпаздары анықталды

Астанада алғаш рет өткен Astana AI Film Festival қорытындыланды. Әлемнің 125 елінен келген 8 мыңнан астам жұмыстың арасынан үздіктер таңдалды, деп хабарлайды Smart News.

Бір фильмге $450 мың: Астанада AI байқауының жеңімпаздары анықталды
Kazinform

Фестивальдің бас жүлдесін Латвия өкілі Николай Шестак жеңіп алды. Оның «The First Honest Day» фильмі үздік деп танылып, авторға 450 мың доллар табысталды. Бұл шамамен 201,5 млн теңге.

Қазақстандық режиссер Мырзахан Жұмахан да жүлдесіз қалған жоқ. Оның «It Was Just a Joke» туындысы «Үздік кейіпкер» номинациясында жеңіске жетті.

Комедиялық фильмде ит пен иесінің ағасы бір әзілге бола сөзге келіп қалады. Кейін қарапайым қалжыңның соңы блокбастерге тән оқиғаларға ұласады.

Негізгі байқауда екінші орын үндістандық «SITARA» фильміне бұйырды. Оның авторлары 200 мың доллар иеленді. Ал испаниялық «Looking For Perseida» үшінші орын алып, 100 мың доллар жүлдеге ие болды.

Биыл фестивальге 125 елден 8 067 өтінім түскен. Соның тек 25-і финалға жолдама алды.

Финалистердің жұмыстарын халықаралық қазылар алқасы бағалады. Қазылар қатарында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одри Азуле мен инвестор Баладжи Сринивасан болды.

Astana AI Film Festival-дің жалпы жүлде қоры 2 млн долларды құрады. Оның 1 млн доллары жеңімпаздарға берілсе, қалған қаражат перспективалы AI-командаларды қолдауға және Қазақстандағы кино өндірісін дамытуға бағытталады.

Осылайша, жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер енді тәжірибелік контент қана емес, үлкен экранға шығып, жүздеген мың доллар жүлде сарапқа салынатын жаңа кино индустриясының бір бөлігіне айналып келеді.