841

Әйелін ұрып, қарумен қорқытты деген күдік: Талдықорғанда ер адам ұсталды

Әлеуметтік желіде іш киіммен қолына қару ұстаған ер адамның әйелді қуып бара жатқан видеосы тараған.

Әйелін ұрып, қарумен қорқытты деген күдік: Талдықорғанда ер адам ұсталды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талдықорғанда әйелін ұрып, қарумен қорқытты деген ер адам ұсталды. Полиция оған қатысты қылмыстық іс қозғаған. Бұл туралы Жетісу облысының полиция департаменті жазды.

Әлеуметтік желіде қолына қару ұстаған, іш киіммен жүрген ер адамның қашып бара жатқан әйелді қуған видеосы тараған.

Полицияның мәліметінше, 2 қазанда әйел күйеуіне қатысты арыз жазған. Оның айтуынша, ер адам өзін ұрып, қарумен қорқытқан. Оқиға орнына барған полицейлер күдіктіні ұстады.

Тінту кезінде ер адамнан пневматикалық қару тәркіленді. Әйелді ұру және оған қауіп төндіру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Дәрігерлер әйелді тексергеннен кейін оны баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырды. Онда анасы мен баласына қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

Полицияның хабарлауынша, бұған дейін әйел құқық қорғау органдарына жүгінбеген.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, қылмыстық іс аясында тергеу жүргізіліп жатыр. 

Материал авторы