1416

Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі маңызды қызметке жаңа басшы тағайындады

Президент жарлығымен Айтқұрман Омарбеков Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әрі Қарулы күштер Бас штабының бастығы қызметіне тағайындалды.

Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі маңызды қызметке жаңа басшы тағайындады
ҚМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Қарулы күштерінің Бас штабына жаңа басшы тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Айтқұрман Жоламанұлы Омарбеков Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы қызметіне келді. Бұл туралы Ақорда жазды.

Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес, Айтқұрман Омарбеков жаңа қызметке тағайындалуына байланысты бұған дейін атқарған лауазымынан босатылған.

Мемлекеттік күзет қызметінің мәліметінше, Айтқұрман Омарбеков 1977 жылы Абай облысында дүниеге келген.

Ол әскери қызметін 1997 жылы Қазақстан Республикасының Республикалық ұланында бастап, бұл құрылымда 2014 жылға дейін қызмет атқарған.

2014-2022 жылдары Айтқұрман Омарбеков Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде әртүрлі офицерлік және басшылық лауазымдарда еңбек еткен.

2022 жылдың қаңтарында Президенттің өкімімен ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – арнайы мақсаттағы күштер қолбасшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Сол жылдың ақпан айында Айтқұрман Омарбеков Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – арнайы мақсаттағы күштер қолбасшысы қызметіне ресми түрде тағайындалды.

Айта кетейік, Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанның Қорғаныс ведомствосында бірқатар кадрлық өзгеріс болған еді. Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Енді қорғаныс саласындағы жоғары басшылық құрамына Айтқұрман Омарбеков қосылды. 

Материал авторы