591

10 жасар бала қоқыстан тамақ пен киім іздеген: Анасы ата-ана құқығынан айырылды

Он жасқа дейін мектеп табалдырығын аттамаған бала қоқыс полигонында өмір сүріп, тамағы мен киімін қоқыстан тауып келген.

10 жасар бала қоқыстан тамақ пен киім іздеген: Анасы ата-ана құқығынан айырылды
depositphotos.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында 10 жастағы бала бірнеше жыл бойы мектепке бармай, қоқыс полигонында өмір сүрген. Осы жағдайдан кейін оның анасы ата-ана құқығынан айырылды. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі жазды.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сот облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының баланың мүддесін қорғау мақсатында берген талап арызын қараған.

Сот материалдарында баланың туғаннан бері анасымен бірге тұрғаны көрсетілген. Әйелдің әлеуметтік жағдайы төмендеп, алкогольді асыра пайдаланғаны және қараусыз қалған үйді бөтен адамдар тұрақты жиналатын орынға айналдырғаны анықталған.

Бала осы уақыт аралығында мектепке мүлдем бармаған. Он жасқа келгенше оқып-жазуды білмеген. Оның тамағы мен киімі де қоқыс полигонынан табылған заттарға тәуелді болған.

Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның бастамасымен бала үш айға арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Ал 2026 жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы мен білім басқармасының бұйрығынан кейін ол отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілген.

Алайда баланың анасы ұлын бір рет те барып көрмеген. Сот отырыстарына шақырылғанымен, оның талаптарға жауап бермегені анықталды.

Іс бойынша сот-психолог баланың ауыр психологиялық жарақат алғанын анықтаған. Сараптама нәтижесінде оның анасына деген эмоционалдық байланысы толығымен жойылғаны белгілі болған.

Бала анасынан қатты қорқатынын және әйел оны қайтадан қоқыс полигонына алып кетуі мүмкін деп алаңдайтынын айтқан. Ал балалар ауылындағы жағдай оған ұнайтынын жеткізген. Әсіресе таза төсек пен дұрыс тамақтануға қуанған.

Сот анасының ата-аналық міндеттерін қасақана орындамағанын және өз өмір салтын өзгертуге ниеті болмағанын дәлелденген деп таныды.

Осыған байланысты әйел ата-ана құқығынан айырылды. Сонымен қатар одан баласын асырауға алимент өндірілетін болды. Қаражат баланың жеке депозиттік шотына аударылып отырады.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор