«Бүкіл Алматы биледі»: Қайрат Нұртас концертінен кейін жанкүйерлерінің ықыласына бөленді
Қайрат Нұртастың Алматыдағы концертіне Бішкектен арнайы келген жанкүйерлер де әншінің өнеріне жоғары бағасын берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Қайрат Нұртас шығармашылығының 20 жылдығына арналған мерейтойлық концертін Алматыда өткізді. 4 қазанда Орталық стадионда өткен шоуға шамамен 40 мың көрермен жиналған.
Алматыдағы концерт әншінің мерейтойлық гастрольдік бағдарламасындағы екінші ауқымды шоу болды. Оның алғашқы концерті 27 қыркүйекте Астанада өтіп, көрерменге лық толы болған еді.
Өнер иесі Алматыдағы концерттен кейін әлеуметтік желідегі парақшасында көрермендерге алғысын білдірді.
«Рақмет, Алматы! 40 мың адам. Бұл тарихты біз бірге жасадық», – деп жазды Қайрат Нұртас.
Концерттен кейін әншінің жанкүйерлері де өз әсерлерімен бөлісті. Көпшілік кештің жоғары деңгейде өткенін айтып, орындаушының шығармашылығына деген ықыласын білдірген.
Кейбір көрермендер концертке арнайы Бішкектен келгенін жазған. Олардың айтуынша, сапарға шыққандарына өкінбеген. Жанкүйерлер арасында «бүкіл Алматы биледі» деген пікірлер де айтылды.
Қайрат Нұртас 20 жылдық шығармашылық мерейтойына арналған концерттерін Қазақстанның өзге қалаларында да өткізеді. Алда Шымкент, Қызылорда, Атырау және Ақтөбеде өнер көрсетуі жоспарланған.
Материал авторы