986

«Екі күнде тігіп үлгердік»: Садраддиннің сынға қалған костюмін дизайнер түсіндірді

Әншінің Алматыдағы концертінде киген футуристік костюмі желіде қызу талқыға түсіп, оның кеуде тұсындағы корсетке қатысты түрлі пікір айтылды.

«Екі күнде тігіп үлгердік»: Садраддиннің сынға қалған костюмін дизайнер түсіндірді
Instagram.com/sadraddinn

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Садраддин Болаттың Алматыдағы концертінде киген сахналық костюмі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Күміс түсті, футуристік үлгідегі образдың кеуде тұсындағы корсетіне қатысты көрермендер түрлі пікір білдірген.

Кейбір желі қолданушылары костюмнің пішіні әншіге әйел адамның киімін елестететінін жазған. Тіпті оны «КешYOU» тобының төртінші мүшесіне, жауынгер әйел Зенаға және Marvel әлеміндегі Ғажайып әйел кейіпкеріне ұқсатқандар да болған.

Желіде костюмнің пішініне қатысты әзіл мен сын қатар өрбіді. Ал кей қолданушылар, керісінше, әншіні қолдап, оның сахнада жаңа образдарды сынап көруден қорықпайтынын атап өтті. Олардың пікірінше, бір костюмге бола тұтас концертке баға беру орынсыз.

Желіде талқыға түскен костюмнің авторы – Arunaz Atelier брендінің негізін қалаушы Назым Қарпықова. Ол «Jibek Joly» арнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында образдың қалай жасалғанын айтып берді.

Дизайнердің сөзінше, концерт режиссерлері Садраддиннің сахналық бейнесін ғарыш тақырыбымен байланыстыруды қалаған. Бұған әншінің шоу кезінде сахнаға жоғарыдан түсуі де әсер еткен.

«Режиссерлер ғарыштық образдар болуы керегін, Садраддиннің сахнаға жоғарыдан түсетінін айтты. Біз өз тарапымыздан бірнеше эскиз ұсындық. Соның ішінде бұл образ Садраддиннің өзіне де, командасына да қатты ұнады», – деді Назым Қарпықова.

Костюмнің дайындалу мерзімі де қысқа болған. Дизайнердің айтуынша, киімді тігуге бар болғаны екі күн берілген. Ал образдың негізгі бөлшектерінің бірі – корсетті жасау үшін шебер түні бойы жұмыс істеген.

Қарпықова бұл образ арқылы Садраддинді дәстүрлі батыр кейпінде емес, заманауи батыр ретінде көрсеткісі келгенін айтты.

«Біз Садраддинді заманауи батыр бейнесінде көрсеткіміз келді. Оның жаңа стилі көпшілікке ұнап жатса, кейбіріне ұнамай жатыр. Өзіме қатты ұнады. Алдағы уақытта да ешкімнің сөзіне қарамай, осындай ерекше образдар жасай береміз. Ең бастысы – өзімізге ұнаса болды. Садраддинге бәрі жарасымды болды», – деді дизайнер.

Осылайша, желіде сынға ұшыраған сахналық образ кездейсоқ таңдалмаған. Ол концерттің ғарыштық концепциясына арнайы әзірленіп, әншінің өзі мен шығармашылық командасының мақұлдауынан өткен.

Айта кетейік, бұған дейін Садраддиннің Алматыдағы 26 қыркүйекке жоспарланған концерті де әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Бұған концерттің Маңғыстауда қаза тапқан 14 әскери қызметшіге байланысты жарияланған жалпыұлттық аза тұту күнінен кейін бір күн өткен соң өткізілуі себеп болған.

Кейін желідегі пікірталастан соң әнші концерт күндерінің өзгертілгенін хабарлады. Нәтижесінде 26 қыркүйекке жоспарланған концерт 27 қыркүйекке, ал 27 қыркүйектегі шоу 28 қыркүйекке ауыстырылды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор