Балық аулаймыз деп шекарадан асып кеткен үш ирандық азамат Қазақстанда сотталды
Үш Иран азаматы балық аулау кезінде Каспий теңізі арқылы Қазақстанның мемлекеттік шекарасын белгіленбеген жерден кесіп өткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий теңізінде балық аулап жүрген үш Иран азаматы Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтіп, сот алдында жауап берді. Қарақия аудандық соты олардың әрқайсысын бір жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Оқиға 24 шілдеде болған. Үш шетелдік азамат Каспий арқылы Қазақстан аумағына белгіленген өткізу пункттерінен тыс кірген. Оларды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері ұстаған.
Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған норма адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс қасақана заңсыз кесуіне қатысты жауапкершілікті қарастырады.
Істі қараған Қарақия аудандық соты үш Иран азаматын кінәлі деп таныды. Олардың әрқайсысына бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын өтегеннен кейін Қазақстан аумағынан шығару туралы шешім қабылданды.
Маңғыстау облысының прокуратурасы сот үкімінің әзірге заңды күшіне енбегенін хабарлады.
Ведомство азаматтарға мемлекеттік шекараны белгіленбеген жерден, яғни өткізу пункттерінен тыс заңсыз кесіп өту Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Материал авторы