Ақтаудағы балықтан уланған отбасы: 9 жастағы бала көз жұмды
Бір отбасының төрт мүшесі ысталған балықтан уланып жансақтау бөліміне түскен еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда үйде ысталған балық жегеннен кейін ауыр жағдайда ауруханаға түскен 9 жастағы бала екі аптаға жуық жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмды. Онымен бірге тағы үш ересек адам да ауруханаға жеткізілген.
Қайғылы жағдай қыркүйек айының ортасында болған. Бір отбасының төрт мүшесі үйде ысталған балық жегеннен кейін ауыр улану белгілерімен медициналық көмекке жүгінген.
Алдын ала мәлімет бойынша, науқастардан ботулизмге тән белгілер байқалған. Олардың жағдайы ауыр болғандықтан, барлығы жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Сонымен қатар науқастарға ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.
9 жастағы баланың жағдайы аса ауыр болған. Емге қарамастан, оның денсаулығында оң өзгеріс байқалмаған. Осыдан кейін туыстары елордадағы мамандардан көмек сұрап, жағдайды көпшілікке жеткізген.
Кейін Ақтауға реаниматолог, инфекционист және невролог мамандар жіберілген. Алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Баланың әкесі де уланғандар қатарында болған. Туыстарының мәліметінше, қазір оның жағдайы тұрақты. Отбасының тағы екі мүшесі медициналық мекемеде ем қабылдауды жалғастырып жатыр.
Баланың нақты өлім себебі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Ал туыстары жасөспірімнің жағдайының күрт нашарлауын үйде ысталған балық жегенімен байланыстырып отыр.
Оқиғаның нақты себептері мен уланудың мән-жайына қатысты түпкілікті қорытынды ресми тексеру нәтижесінде белгілі болады.
Материал авторы