«Сәкенді Мақсат алдырған»: Майғазиев «МузАРТ» тобының құрылуы туралы шындықты айтып берді
«МузАРТ» құрылған кезде Мейрамбек Беспаев пен Мақсат Базарбаев дуэт болуды жоспарлаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сәкен Майғазиевтің «МузАРТ» тобына келуіне Мақсат Базарбаев себепкер болған. Әншінің айтуынша, оны топ құрамына дәл Мақсат ұсынған. Бұл туралы әнші «Хабар» арнасына берген сұхбатында айтып берді.
Сәкен Майғазиев топ құрылған кезде студент болғанын, бос уақытында мейрамханаларда ән айтқанын еске алды. Бір күні ол Көк базар маңындағы аялдамадан Мейрамбек Беспаевты кездейсоқ кездестірген.
Сол кезде Мейрамбек Беспаев Сәкенді біраз уақыттан бері іздеп жүргендерін айтқан. Алайда ол кезде ұялы телефон болмағандықтан, байланысу үшін Сәкен пейджерінің нөмірін берген.
Кейін олар кешке кездесіп, жаңа музыкалық топ құру идеясын талқылаған.
Майғазиевтің айтуынша, бастапқыда Мейрамбек Беспаев пен Мақсат Базарбаев дуэт болып өнер көрсетуді жоспарлаған. Алайда кейін екі адамнан тұратын құрам «Нұр-Мұқасан» тобына ұқсап кетуі мүмкін деген оймен үш адамнан тұратын топ құру туралы шешім қабылданған.
Үшінші мүшені таңдағанда Мақсат Базарбаев Сәкен Майғазиевтің кандидатурасын ұсынған.
«Мақсаттың есіне мен түсіппін. “Сәкен деген жігіттің дауысы ашық еді” деп мені ұсынған», – деп еске алды әнші.
Алайда Сәкеннің айтуынша, бастапқыда топтың үшінші мүшесі ретінде басқа өнерпаздың кандидатурасы қарастырылған.
«Негізі алғашында Саят Медеуовті алғылары келген. Бірақ үш түрлі дауыс болуы керек деген ойға тоқтап, мені таңдаған», – деді Майғазиев.
Осылайша, Мейрамбек Беспаев, Мақсат Базарбаев және Сәкен Майғазиевтен құралған «МузАРТ» тобының негізі қаланды.
Айта кетейік, бұған дейін «МузАРТ» тобының тағы бір мүшесі Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығына байланысты ауруханаға түскені хабарланған болатын. Өнер иесі жүрек қан тамырларының бітелуіне байланысты Шымкентте өтетін ән кешіне бара алмай қалғанын айтқан.
Материал авторы