1324

Қазақстан армиясын ауқымды жаңғырту жоспарланды: әскери реформа мақұлданды

Әскери реформаның ұйымдастырушылық шараларын биыл аяқтау жоспарланып отыр, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер 2027 жылы жүзеге асырылады.

Қазақстан армиясын ауқымды жаңғырту жоспарланды: әскери реформа мақұлданды
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда Қарулы күштерді жаңғыртуға бағытталған әскери реформа жоспары мақұлданды. Құжатта армиядағы тәртіпті нығайту, тәрбие жұмысын жетілдіру және жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегия қабылдау көзделген. Жоспардың ұйымдастырушылық шараларын биыл аяқтап, негізгі тұжырымдамалық өзгерістерді 2027 жылы іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақорда жазды.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қазақстан Қарулы күштерін жаңғырту жөніндегі жоспарланған шаралар туралы баяндады.

Әскери реформаның маңызды бағыттарының бірі — Қарулы күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын қабылдау. Сонымен қатар Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сүйене отырып, әскери қызметшілермен жүргізілетін тәрбие жұмысының сапасын арттыру көзделген. Бұл шаралар армиядағы тәртіпті күшейтіп, қоғамның әскерге деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Жоспарға сәйкес, ұйымдастырушылық шаралар 2026 жылдың соңына дейін орындалуы керек. Ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістерді 2027 жылы жүзеге асыру көзделіп отыр.

Отырыс барысында Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қауіпсіздік бүкіл елге ортақ міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта мүдделі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы қажет. Мемлекет басшысы жоспарланған өзгерістерді уақытылы әрі толық іске асырудың маңызын да ерекше атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша әскери реформа жоспары мақұлданды. Құжаттың орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік кеңесіне жүктелді.

Айта кетейік, 21 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Кеңес төрағасының орынбасары Аида Балаева халықаралық әскери құрылыс тәжірибесі, заманауи ұрыс жүргізу әдістері және отандық мамандардың ұсыныстары ескерілген жоспардың негізгі бағыттарын таныстырды.

Әскери реформаның маңызды тұстарының бірі — мерзімді әскери қызметті екі кезеңдік модельге көшіру.

Материал авторы