844

Балқаштағы өліммен аяқталған төбелес: жасөспірім мен екі ер адам сотталды

Қаза тапқан марқұм ер адамның жақындарына 13,5 миллион теңге өтемақы төленеді.

Балқаштағы өліммен аяқталған төбелес: жасөспірім мен екі ер адам сотталды
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Балқашта төбелес кезінде ер адамның қаза табуына байланысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Кәмелетке толмаған сотталушы сегіз жылға, ал екі ер адам тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі жазды.

Сот мәліметінше, 2025 жылғы 22 желтоқсанға қараған түні кәмелетке толмаған А. мен сотталушылар А. және Қ. төбелес кезінде Ж. есімді ер адамды жұдырықпен және аяқпен басынан бірнеше рет ұрған. Алған жарақаттарының салдарынан жәбірленуші ауруханада көз жұмған.

Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтары, бейнежазба, сараптама қорытындылары және іс материалдарындағы басқа да дәлелдер арқылы расталған.

Мемлекеттік айыптаушы кәмелетке толмаған А.-ға сегіз жыл, ал А. мен Қ.-ға тоғыз жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленуші тарап сотталушылардың әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7 және 9-тармақтары бойынша қайта саралауды талап еткен. Ал қорғаушылар сотталушыларды ақтауды сұраған.

Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігінде сегіз жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сот кәмелетке толмаған А.-ның жасын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Сотталушыларға қатысты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот шешімімен кәмелетке толмаған А. сегіз жылға, ал А. мен Қ. тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот моральдық зиянды өтеу үшін 10 миллион теңге және өкілдік шығындарына 3,5 миллион теңге өндіріп алуды міндеттеді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы