Шудағы жанармай бекетінің дүкенінде кассирге тиісіп, бөтелке сындырған ер адам жазаланды
Мас ер адам таныс кассирді балағаттап, жанармай бекеті жанындағы дүкенде сусын бөтелкесін сындырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының Шу қаласында жанармай құю бекетінің жанындағы дүкенде жанжал шығарған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мас күйде таныс кассирді балағаттап, дүкен сөресіндегі сусын бөтелкесін сындырған азамат 10 тәулікке қамалды.
Сот мәліметінше, оқиға 2026 жылғы тамызда түнгі уақытта болған. Ер адам алкогольдік масаң күйде дүкенде жұмыс істейтін таныс кассирге балағат сөздер айтқан. Кейін сөренің үстінде тұрған сусын бөтелкесін сындырған.
Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, бұл әрекетке қызғаныштың салдарынан барғанын түсіндірді.
Әйел өз кезегінде ер адамның бетінен ұрғанын да айтқан. Алайда ол бұл әрекетке байланысты шағымы жоқ екенін білдіріп, ер адамды кешіргенін мәлімдеді.
Сот кінәсін мойындағанын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал құқық бұзушылықты мас күйде жасауы жазаны ауырлататын жағдай деп танылды.
Нәтижесінде ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар оған үш ай бойы алкогольдік ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салынды. Бұдан бөлек, ол айына екі рет учаскелік полиция пунктіне барып, профилактикалық әңгімеге қатысуға міндеттелді.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Материал авторы