1024

«Мені алып кетші»: Ақбаян Мұқанғалиеваның кенже ұлы анасын көрген сайын жылайды

Туыстарынан айырылған Ақбаян психологқа аптасына екі рет барып жүр, алайда туыстары оның толыққанды ем алуына көмектесетін мамандар іздестіріп жатыр.

«Мені алып кетші»: Ақбаян Мұқанғалиеваның кенже ұлы анасын көрген сайын жылайды
КТК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы күйеуінің қолынан ата-анасы, бауыры мен әпкесінен айырылған Ақбаян Мұқанғалиева ауыр қайғылы оқиғадан кейінгі өмірі туралы алғаш рет ашық айтты. Қазір әйел жақындарының көмегімен қалыпты өмірге бейімделіп, психологқа барып жүр. Оның ең үлкен арманы — қамқорлық мекемесінде отырған бес баласын қайтадан өз жанына алу. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.

Қазір Ақбаян туыстарының жанында тұрып жатыр. Олар әйелдің күнделікті өмірге қайта бейімделуіне көмектесіп, оңалту шараларына апарып, қамқорлық көрсетуде. Алайда жақындары оның ең қымбат адамдарынан айырылғанын есту қосымша психологиялық соққы болуы мүмкін деп алаңдайды. Туысы Әсилә Мұқанғалиеваның айтуынша, мамандар әзірге Ақбаянға болған оқиғаның шындығын айтуды ұсынбаған.

«Әзірге айтпай отырмыз. Ертең бәрін жайып салсақ, оның жағдайы қандай болмақ? Қайтадан жанын жаралап алмаймыз ба деп қорқамыз. Сондықтан әзірше күтіп, аяғынан тұрып кетуіне мүмкіндік бергіміз келеді», — дейді Әсилә Мұқанғалиева.

Ақбаянның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемалиев оның ата-анасын, бауыры мен әпкесін өлтірген. Қылмыстан кейін ол Индонезияға қашып, Ақбаянды да өзімен бірге алып кеткен. Бастапқыда әйелдің өзі де күдіктілер қатарында болған. Алайда ол ұсталып, психиатриялық сараптамалар жүргізілгеннен кейін күдік одан алынған. Мәліметтерге сәйкес, Ақбаян ауыр психологиялық жағдайда болып, айналасында не болып жатқанын түсінбеген. Бесінші баласын ауыр босанғаннан кейін ота жасалып, өмірінің белгілі бір кезеңі есінен шығып қалғаны да айтылған.

Қазір әйел біртіндеп қалпына келіп келеді. Ол балаларының есімдері мен туған күндерін ұмытпаған, оларды апта сайын барып көреді. Ақбаянның басты мақсаты — бес баласын да үйіне қайтару.

«Кенжем жылайды. “Мені алып кетші” деп сұрайды. Үлкендері жағдайды түсінеді. Мен аптасына екі рет психологқа барамын. Әзірге басқа мамандарға қаралып жүрген жоқпын. Кейде басым ауырады, бірақ кейін басылады», — дейді Ақбаян Мұқанғалиева.

Туыстарының айтуынша, Ақбаян біртіндеп қалыпты өмірге оралып, жақындарын танып, өткен оқиғаларды есіне түсіре бастаған. Дегенмен оған әлі де мамандардың көмегі қажет.

Отбасы әйелді Алматы немесе Астана қалаларындағы білікті дәрігерлерге көрсету мүмкіндігін қарастырып отыр. Алайда қосымша емделуді өз күштерімен ұйымдастыруға қаражат жеткіліксіз.

«Ақбаянның өмір сүруге деген құлшынысы жоғалған. Сол ынтасын қайта оятуымыз керек. Алматыға немесе Астанаға апарып, мықты мамандарға көрсетсек пе деп ойлап жүрміз. Бірақ оны апаруға да қаражат керек. Мұндай соманы өзіміз жинай алмай отырмыз», — дейді туысы Шалқар Мұқанғалиев.

Отбасы жұртшылықтан Ақбаянға қолдау көрсетуді сұрайды. Жақындары оның оңалып, уақыт өте келе қалыпты өміріне оралып, балаларымен қайта қауышатынына үміт артып отыр.

Бұған дейін Ақбаянның жазуды үйреніп, тігін тігумен айналысып, сурет салып, үстел теннисін ойнауға талпынып жүргені хабарланған. Әлеуметтік қызметкерлер оған күнделікті дағдыларын дамытуға және қоғам өміріне қайта бейімделуге көмектесіп жатыр.

Еске салайық, 2025 жылы Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесі — ерлі-зайыпты мен олардың екі баласы — хабар-ошарсыз кеткен. 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға жүгініп, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпағанын хабарлаған. Олар Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылының тұрғындары болған. Қараша айында үйінен белгісіз бағытқа кеткен отбасы сол күйі оралмаған.

Жоғалғандардың телефондары Қазақстан аумағында қосылып-өшіп отырған, соңғы рет Шымкентте тіркелген. 2026 жылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіттері табылғаны белгілі болды. Қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы мен күйеу баласы бес баланы әжесіне қалдырған.

Іздеуде жүрген күйеу бала Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты ақпарат Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған. Оған іздеу ісі 2026 жылғы 8 қаңтарда тіркелген.

Қаза тапқандардың туыстары ерлі-зайыптының өлімінен кейін де келіндерінің телефонынан дауыстық хабарламалар келгенін айтқан. Олардың болжамынша, хабарламалар бұрын жазылып алынған болуы мүмкін.

Кейін полиция күдіктіні ұстау барысын көрсеткен. Индонезияда Сұлтан Сәрсемалиевтен ұялы телефондар мен жеке басын куәландыратын құжаттар тәркіленген. Алдын ала мәлімет бойынша, заттардың бір бөлігі Жангелдин ауылында жоғалған отбасы мүшелеріне тиесілі болуы ықтимал.

Атырау қаласының Геолог шағынауданында бұған дейін жоғалған Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері де табылған. Олар күдікті Сұлтан Сәрсемалиев әйелімен бірге бұрын жалдап тұрған үйдің ауласынан анықталған. Қаза тапқан отбасының кіші қызына психологиялық сараптама тағайындалған.

Полиция мәліметінше, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру») және 188-бабының 2-бөлігі («Ұрлық») бойынша сараланған. 2026 жылғы 10 мамырда сотқа дейінгі тергеу аяқталғаны хабарланды. Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін мойындап, Атыраудағы тергеу изоляторында сотты күткен. Кейін сот отырысында қайын атасы мен енесін қалай өлтіргенін баяндаған.

2026 жылғы 14 шілдеде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сұлтан Сәрсемалиевті Жангелдин ауылындағы отбасы мүшелерін өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шыққанымен, жақындарының қазасы туралы әлі хабарсыз. Ал 19 қыркүйекте Сұлтан Сәрсемалиев Жезқазғандағы №62 мекемеге ауыстырылған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор