1223

Қазақстаннан Қытайға 180 миллион теңгелік киік мүйізін алып өтпек болғандар анықталды

«Қорғас» бекетінде анықталған ірі көлемдегі киік мүйізіне қатысты материалдар тергеу жүргізуге құзыретті органға беріледі.

Қазақстаннан Қытайға 180 миллион теңгелік киік мүйізін алып өтпек болғандар анықталды
ҰҚК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында киік мүйіздерін Қытайға заңсыз алып өту әрекетін тоқтатты. Тексеру барысында 620 дана киік мүйізі тәркіленген. Олардың қара нарықтағы болжамды құны шамамен 180 миллион теңгеге бағаланып отыр.

ҰҚК мәліметінше, оқиға 20 қазанда болған. Шекарашылар Қытай Халық Республикасына ірі көлемдегі киік мүйізін заңсыз әкету әрекетін анықтап, оның жолын кесті.

«ҰҚК Шекара қызметі мемлекеттік шекарада заңға қайшы әрекеттердің жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, биылғы 20 қазанда “Қорғас” халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында 620 дана киік мүйізін Қытайға заңсыз алып өту әрекетіне тосқауыл қойылды», — деп хабарлады ведомство.

Тәркіленген жануар текті өнімнің қара нарықтағы құны шамамен 180 миллион теңге болуы мүмкін.

Оқиғаға қатысты материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін құзырлы органға беріледі.

Материал авторы