1075

Астанада бургер мен фри жеген баланың жағдайы нашарлап, ауруханаға түсті

Астаналық әйелдің айтуынша, баласының денесін бөртпе басып, дәрі көмектеспеген соң жедел жәрдем шақыруға тура келген.

Астанада бургер мен фри жеген баланың жағдайы нашарлап, ауруханаға түсті
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, астаналық әйел әлеуметтік желіде баласының Қазақстандағы фастфуд желілерінің бірінен бургер мен картоп фри жегеннен кейін қатты аллергиялық реакцияға ұшырап, ауруханаға түскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, баланың денесін бөртпе басып, жағдайы қайта нашарлаған.

Threads әлеуметтік желісінде elena.zvezdnaya есімімен тіркелген әйелдің сөзінше, баласының денесінде күлдіреуіктер пайда болып, қышыған, ал қызару бүкіл денесіне жылдам тараған. Алғашында берілген дәрі көмектеспеген соң, анасы жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған.

Әйелдің жазуынша, дәрігерлер балаға преднизолон еккен. Сондай-ақ олар кез келген уақытта Квинке ісінуі пайда болуы мүмкін екенін және бауырдың улану қаупі барын ескерткен.

Келесі күні аллергиялық реакция қайта қайталанып, бала ауруханаға жатқызылған. Анасының айтуынша, кейін сол палатаға дәл осындай ауыр аллергиялық белгілері бар тағы бір бала түскен. Оның да сол фастфуд желісінен тамақтанғаны айтылған.

Әйел баласының денесіндегі қызару мен бөртпе күн сайын қайта пайда болып жатқанын жеткізді. Әлеуметтік желідегі пікірлерде ол баласының бургер мен картоп фри жегенін нақтылаған.

Астананың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, екі науқаста да аллергиялық реакция байқалған. Қазір балаларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Басқарма өкілдері екі науқастың да жағдайы тұрақты екенін және денсаулығында оң өзгеріс барын хабарлады.

Материал авторы