Тоқаев «Атлетико Мадрид» басшысын қабылдап, оған мемлекеттік награда табыстады
Президент «Атлетико Мадрид» клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринмен кездесіп, футбол саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» футбол клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен испандық клуб арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, футбол инфрақұрылымын дамыту және жас ойыншыларды даярлау мәселелері талқыланды. Бұл туралы Ақорда жазды.
Мемлекет басшысы «Атлетико Мадрид» клубымен қалыптасқан серіктестікті жоғары бағалап, бас директордың Қазақстанға сапары екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан заманауи футбол инфрақұрылымын дамытуға, жаттығу базаларын салуға және жас ойыншыларды даярлау бағдарламаларына белсенді инвестиция салып келеді. Сонымен қатар елдегі футбол клубтарының басым бөлігін жекешелендіру үдерісі жалғасып жатыр.
Ақорда мәліметінше, ФИФА-мен бірлесіп, Қазақстанның барлық өңірінде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Испания құрамасының жетістіктері мен испан футбол мектебінің тәжірибесіне ерекше тоқталды. Президент Қазақстанда талантты жас футболшылардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін озық тәжірибені зерттеп, оны қолдануға қызығушылық білдірді.
Өз кезегінде Мигель Анхель Хиль Марин Қазақстанда футболды кеңінен насихаттауға көрсетіп отырған ерекше назары үшін мемлекет басшысына алғыс айтты.
«Атлетико Мадрид» бас директоры Алматы облысында орналасқан клуб академиясының инфрақұрылымына да оң баға берді. Оның пікірінше, болашақта бұл нысан әлемдегі үздік футбол оқу-жаттығу кешендерінің қатарына қосылуы мүмкін.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мигель Анхель Хиль Маринді Қазақстанда футболды дамытуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Материал авторы