Байқоңырда ер адам саябақта әйелге пышақ көрсетіп, өлтіремін деп қорқытқан
Қазір күдіктіге қатысты қылмыстық іс аясында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Байқоңырдағы саябақтардың бірінде болған жанжал кезінде 43 жастағы ер адам өтіп бара жатқан әйелге пышақ көрсетіп, оны өлтіремін деп қорқытқан. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Байқоңыр кешенінің прокуратурасы жазды.
Прокуратураның ресми Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, оқиға 2026 жылғы 10 қазанда болған. Сол күні мас күйде жүрген жергілікті тұрғын саябақта өтіп бара жатқан әйелмен жанжалдасып, оны қорқыту мақсатында қалтасынан пышақ шығарған. Кейін әйелді өлтіремін деп сес көрсеткен.
Байқоңыр кешенінің прокуратурасы күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 119-бабының 1-бөлігі — адам өлтіремін деп қорқыту белгілері бойынша қозғалған қылмыстық істі заңды деп таныған.
Қазір іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Материал авторы