«Қазселденқорғау» мекемесінің басшыларына 396 млн теңге пара алды деген айып тағылып отыр - Антикор
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды smartnews.kz сайты.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мекеме қызметкерлері орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жалпы сомасы 396 млн теңгеге ірі және аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін айыпталды.
Тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауда отыр.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс ҚР ҚПК 300-бабы тәртібінде сотқа жіберу туралы мәселені шешу үшін Алматы облысының прокуратурасына берілді.
Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.