1430

Астанада жүргізуші куәлігін заңсыз алуға көмектескен топ әшкереленді: алты адам қамауға алынды

Прокуратура мәліметінше, 2025 жылы арнайы ХҚКО қызметкерлері мен делдалдар қатысқан заңсыз схема арқылы 74 адам жүргізуші куәлігін алған.

Астанада жүргізуші куәлігін заңсыз алуға көмектескен топ әшкереленді: алты адам қамауға алынды
gov4c.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада арнайы ХҚКО қызметкерлері мен делдалдар қатысқан, жүргізуші куәлігін заңсыз алуға көмектескен ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Қала прокуратурасының мәліметінше, 2025 жылы осы схема арқылы 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған. Тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Елорда прокуратурасының үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты істі тергеуді аяқтаған. Тергеу деректеріне сәйкес, топ құрамында арнайы ХҚКО қызметкерлері және делдалдық қызмет көрсеткен адамдар болған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, топ мүшелері міндеттерін өзара бөліскен. Делдалдар орталық ғимаратының маңында тұрып, теориялық емтихан тапсырушыларға сұрақтардың жауаптарын айтып отырған. Ал арнайы ХҚКО қызметкерлері практикалық емтиханның тапсырылғаны туралы көрінеу жалған мәліметтерді ақпараттық базаға енгізген.

Осы заңсыз схема арқылы 2025 жылы 74 адам жүргізуші куәлігін алғаны анықталған.

Күдіктілердің әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша сараланған. Атап айтқанда, 262-бап ұйымдасқан топ құру, оған басшылық ету немесе оның қызметіне қатысуға қатысты болса, 206-бап ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту әрекеттерін қамтиды.

Іс бойынша алты күдікті қамауға алынған. Тағы үш адам ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылса, бір адамға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.

Заңсыз схема арқылы жүргізуші куәлігін алған 74 адамның құжаттарының күші тоқтатылған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді. 

Материал авторы