1825

Астанада автобусқа жол бермей, терезесін ұрған жүргізуші қамалды

Оқиға елордадағы «Керуен» сауда орталығы маңында болған, ал жанжал түсірілген видео әлеуметтік желілерде тараған.

Астанада автобусқа жол бермей, терезесін ұрған жүргізуші қамалды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада Hyundai Sonata көлігінің жүргізушісі №54 бағыттағы автобустың жолын бөгеп, қоғамдық көлік жүргізушісіне айқайлап, автобус терезесін бірнеше рет ұрған. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Сонымен қатар ер адамның қарыз міндеттемелеріне байланысты көлік жүргізу құқығы уақытша тоқтатылғанына қарамастан, рөлге отырғаны анықталды.

Оқиға түсірілген видео бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған. Куәгерлердің айтуынша, жанжал «Керуен» сауда орталығының маңында болған. Қара түсті Hyundai Sonata жүргізушісі автобустың алдына көлігін тоқтатып, оның қозғалысына кедергі келтірген. Кейін ол автобус жүргізушісіне айқайлап, терезесін бірнеше рет ұрған.

Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі құқық бұзушының анықталып, ұсталғанын хабарлады. Ол — Алматы облысының тумасы, 27 жастағы Тоқтар Нарынбай.

Ер адамға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.

Полицияның мәліметінше, тексеру кезінде оның қарыз міндеттемелерін орындамауына байланысты көлік құралын басқару құқығы уақытша тоқтатылғаны белгілі болған. Соған қарамастан, ол көлік жүргізген.

«Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзудың бірнеше дерегі тіркелді. Олардың қатарында қозғалысқа қасақана кедергі келтіру және көлікті тоқтату қағидаларын бұзу бар. Осы фактілер бойынша да ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары жол үстіндегі жанжалдың соңы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Полиция агрессивті мінез-құлық танытып, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Материал авторы