Павлодарда тісін емдеткен үш жасар қыздың жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсті
Жедел жәрдем көлігінде және ауруханада баланың жүрегі тоқтап қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда тісін емдетіп жатқан үш жасар қыздың жағдайы күрт нашарлап, ол облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне өте ауыр халде жеткізілді. Қазір бүлдіршін өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, дәрігерлер оған қарқынды ем жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары тексеруде. Бұл туралы Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы жазды.
Әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты ақпарат тараған. Instagram желісіндегі tipavlo.dar парақшасына қыздың туысы хат жолдап, жағдайдың 21 қазанда Павлодардағы стоматологиялық клиникалардың бірінде болғанын хабарлаған.
Туысының жазуынша, тісін емдетіп жатқан кезде қыздың жағдайы нашарлап, көзі аударылып, тыныс алуы бұзылған. Оның мәліметінше, жанындағы кабинетте жұмыс істеген медбике туыстарының көмек сұрағанынан кейін жедел жәрдем шақырған.
Хатта баланың жүрегі жедел жәрдем көлігінде тоқтап, кейін облыстық балалар ауруханасында тағы да осындай жағдай болғаны айтылған. Бұл мәліметтер әзірге туысының әлеуметтік желіде жариялаған хатына негізделген.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы NUR.KZ тілшісіне қыздың 2023 жылы туғанын және 21 қазанда сағат 15:45-те жедел жәрдем бригадасымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілгенін хабарлаған.
«Қабылдау бөлімін айналып өтіп, бала өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта қыз өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, қарқынды терапия жүргізіліп жатыр», — деп мәлімдеді басқарма.
Ведомствоның хабарлауынша, 22 қазанда Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының (UMC) және «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ мамандарымен телемедициналық кеңес өткізілген. Кеңес барысында науқасты емдеу тактикасы мен алдағы ем шаралары келісілген.
Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері күн сайын пәнаралық консилиум өткізіп, баланың жағдайындағы өзгерістерді және емнің тиімділігін бағалап отыр. Оқиға денсаулық сақтау басқармасы басшысының жеке бақылауына алынған.
«Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары зерделеп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі», — деп хабарлады басқарма.
Материал авторы