Трамп, Си Цзиньпин, Ердоған және өзге де әлем көшбасшылары Тоқаевты Республика күнімен құттықтады
Эмманюэль Макрон мен Ұлыбритания королі Чарльз III Қазақстан халқына жылы лебіздерін жолдап, екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп жатыр. Олар Қазақстанның жетістіктерін атап өтіп, екіжақты байланыстарды нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін білдірген. Бұл туралы Ақорда жазды.
Ресей Президенті Владимир Путин құттықтауында Қазақстанның экономика мен әлеуметтік саладағы жетістіктеріне тоқталып, елдің халықаралық мәселелерді шешудегі сындарлы рөлі мен әлемдік аренадағы беделін атап өткен.
«Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында табысты дамып келеді. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарды барлық бағыт бойынша дәйекті түрде нығайта береміз деп сенемін. Бұл — достас халықтарымыздың игілігіне, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді», — деп жазған Владимир Путин.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда ауқымды саяси реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып, қоғамдық тұрақтылық сақталып отырғанын атап өткен. Сондай-ақ ел экономикасының тұрақты дамуын, халықтың әл-ауқатының артуын және Қазақстанның аймақтық әрі халықаралық деңгейдегі позициясының нығаюын жоғары бағалаған.
Си Цзиньпин қазақ-қытай қарым-қатынастарын дамытуға ерекше мән беретінін айтып, екі ел халықтарының игілігі үшін ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізген.
Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп та Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау жолдаған. Ол екі мемлекет арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті жоғары бағалап, екі президенттің қызметтегі кезеңдерінде қалыптасқан байланыстарды одан әрі дамытуға үміт білдірген.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастардың нығайып келе жатқанына тоқталған. Оның айтуынша, екі ел арасындағы байланыстар тату көршілік пен берік достық қағидаттарына сүйенеді.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына жол ашқанын атап өткен. Ол бұл құжат халықтың тарихи мұраға адалдығы мен өз болашағын дербес құруға деген берік ұстанымын көрсететінін айтқан.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанмен арадағы достық пен ынтымақтастық байланыстарын жоғары бағалап, олардың тарихи дәстүрлерге, өзара құрмет пен сенімге негізделгенін жеткізген.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстанның егемендік жылдарында мемлекеттілігін нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру және халықаралық аренадағы беделін көтеру бағытында елеулі жетістіктерге жеткенін атап өткен.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі елдің терең тарихи және мәдени тамырларға негізделген ерекше қарым-қатынасы алдағы уақытта да кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясында дамитынына сенім білдірген.
Ол Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 2026 жылғы 14 мамырда Астанада өткен алтыншы отырығын және одан кейін Түркістанда ұйымдастырылған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін екіжақты әріптестіктің беріктігін көрсететін маңызды оқиғалар ретінде атаған.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бауырлас ел ретінде Қазақстанның жетістіктеріне шын жүректен қуанатынын жеткізген. Оның айтуынша, өзара сапарлар, кездесулер мен жоғары деңгейдегі белсенді диалог екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты нығайтып, қарым-қатынастарға жаңа мазмұн беруге ықпал етеді. Әлиев Тоқаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жетінші саммитіне қатысу үшін Әзербайжанға жасаған сапарына да тоқталған.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон құттықтауында Қазақстан халқына жылы лебізін білдіріп, француз халқының достық пейілін жеткізген. Ол дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толар қарсаңда екі елдің Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері екіжақты ынтымақтастықты жүйелі түрде нығайтып, халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарын жақындатып келе жатқанын атап өткен.
Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің королі Чарльз III Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан азаматтарына жылы тілектерін жолдаған. Ол екі ел арасындағы достық байланыстардың беріктігі мен екіжақты қарым-қатынастардың біртіндеп дамуын жоғары бағалап, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілді екенін растаған.
Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мён Қазақстан мемлекеттілік дәстүрлеріне, қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық бірлікке сүйене отырып, өркендеу жолындағы дамуын жалғастыратынына сенім білдірген. Ол биыл қыркүйекте Тоқаевтың Сеулге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі ел арасында болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық әріптестік орнағанын ерекше атап өткен.
Қазақстан Президентіне құттықтау жолдаған өзге де мемлекеттер мен ұйымдар
Ақорда мәліметінше, Тоқаевты Республика күнімен Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Италия Президенті Серджо Маттарелла, Австрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Швейцария Президенті Ги Пармелан, Беларусь Президенті Александр Лукашенко және Армения Премьер-министрі Никол Пашинян құттықтаған.
Құттықтау жолдағандардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Дубай билеушісі әрі БАӘ Премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик, Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд және тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман да бар.
Сондай-ақ Бельгия королі Филипп, Испания королі Фелипе VI, Швеция королі Карл XVI Густав, Монако князі Альбер II, Бахрейн королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Жапония императоры Нарухито және Таиланд королі Маха Вачиралонгкорн құттықтау жолдаған.
Бұдан бөлек, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Индонезия Президенті Прабово Субианто, Сингапур Президенті Тарман Шанмугаратнам, Вьетнам Президенті То Лам және басқа да мемлекет басшылары өз құттықтауларын жіберген.
Халықаралық ұйымдар атынан БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Кошта, ЮНЕСКО Бас директоры Халед әл-Анани және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бас хатшысы Сергей Лебедев құттықтау жолдаған.
Ақорда мәліметінше, Қазақстан Президентінің атына құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.
Материал авторы