Обама Трампты Ақ үйді алтынға толтырғаны үшін сынады: АҚШ президенті оған жауап берді
Бұрынғы президенттің сөзіне жауап берген Трамп оны қабілетсіз басшы деп атап, Иран саясаты мен Демократиялық партия кандидаттарын қолдағаны үшін айыптады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама қазіргі мемлекет басшысы Дональд Трампты Ақ үйді жөндеу кезінде алтын түсті әшекейлерді шамадан тыс қолданғаны үшін сынға алды. Бұған жауап ретінде Трамп әлеуметтік желіде Обаманы «қабілетсіз президент» деп атап, оның саяси шешімдері мен Демократиялық партия кандидаттарын қолдауын сынға алған. Бұл туралы Fox News пен Euronews жазды.
Fox News хабарлауынша, Обама аралық сайлау қарсаңында демократтарды қолдауға арналған митингте сөз сөйлеп, Ақ үйдегі өзгерістерге тоқталған.
«Байқадыңыздар ма, білмеймін, бірақ ол Ақ үйді жөндеуге қатты әуестенген сияқты. Айналаның бәрі алтын. Ақ үйді Саддам Хусейн Cheesecake Factory мейрамханасын ашқандай көрінетін орынға айналдырыпты», — деген Обама Трамптың жөндеу жұмыстарына қатысты.
Бұрынғы президенттің сынына Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасы арқылы жауап берді. Ол Обаманың президенттігін өткір сынға алып, Иранға қатысты саясатын және Демократиялық партияның кандидаттарын қолдауын айыптады.
Трамптың айтуынша, Обама Иранға миллиардтаған доллар беріп, елдің ядролық қаруға қол жеткізуіне жол ашқан. Сондай-ақ ол Хиллари Клинтон мен Камала Харристі қолдағанымен, екеуі де сайлауда жеңілгенін алға тартты.
Трамп бұдан бөлек, Обаманың қазіргі уақытта Мичигандағы сайлау науқанына араласып жүргенін айтып, демократтар атынан Сенат сайлауына қатысуға дайындалып жатқан Абдул Эль-Сайедті де сынға алды. Алайда оның Эль-Сайедке қатысты айтқан айыптаулары жазба авторының мәлімдемелері болып табылады.
Трамп өз жазбасында Мичиган штатында автомобиль өнеркәсібі мен жұмыс орындарына қатысты жетістіктерге қол жеткізгенін мәлімдеп, республикашыл кандидат Майк Роджерсті қолдауға шақырды.
«Мичиганға тәкаппар, шекараларды ашық ұстауды қолдайтын және беделі жаңа мәліметтер ашылған сайын нашарлай түсетін кандидат қажет емес. Майк Роджерске дауыс беріңіздер! Ол сіздердің сенімдеріңізді ақтайды», — деп жазды Трамп.
Euronews мәліметінше, прогрессивті бағыттағы кандидат Абдул Эль-Сайед Мичиган штатында АҚШ Сенатына сайлау бойынша Демократиялық партияның праймеризінде жеңіске жеткен. Қарашада ол республикашыл Майк Роджерспен бақ сынамақ.
Алдағы сайлаудың нәтижесі АҚШ Конгресінің құрамын айқындайды. Бұл өз кезегінде Дональд Трамптың президенттік өкілеттігінің қалған кезеңіндегі саяси жағдайға ықпал етеді.
Материал авторы